ӨРІСІ ЖАЙЛЫ, МАЛЫ ҚОҢДЫ

    74141e99-96d5-4444-856f-31e5199a64d6.jpg

        Қыс қатал сыншы болса, мал қыстату жауапты науқан. Қылышын сүйреткен қытымыр қыс мезгіліндегі мал қыстату жұмыстары аудан әкімінің тікелей бақылауында тұрғандықтан аудандық ауылшаруашылық саласының мамандары мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жауапты науқанды қандай жағдайда еңсеріп жатқандарын назардан тыс қалдырған емес.

Төскейінде төрт түлігі түлеген өңірімізде мал өсірумен тұрақты айналысатын ірілі-уақ 1026 шаруашылық бар. Мал басына тоқталып өтсек, аудан көлемінде  24525 бас жылқы, 95 966 бас сиыр және 124417 тұяқ қой – ешкі тіркелген. Оларға қысқы мал азығы ретінде 161 000 орама аралас шөп, 33 000 орама күріш сабаны және 43 000 тонна сүрлем, 42 000 тонна жем дайындалған.

Мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың бірі-Бақбақты ауылдық округіне қарасты «Абылай хан» шаруа қожалығы.

Өткен аптада аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Нұралы Шүленбаевпен бірге аталмыш қожалыққа арнайы барып қайттық.

Атакәсіпті жалғастырып, мал өсіруді қолға алған ша-руашылықтың төрайымы Роза Сәтиева. Ал мал тұқымын асылдандыру, мал басын қыстан аман алып шығу және қысқы мал азығын дайындау және тағы да басқа жұмыстарды  ойдағыдай атқарып жүрген Розаның жұбайы Аңсат Малдыбаев.

ef24f804-b38c-4218-9569-f3d428a6112c.jpg

Біз әңгіме арқауына айналдырып отырған ерлі-зайыпты қожалық иелері 2013 жылдан бері мал өсірумен тұрақты айналысып келеді. Олар 2015 жылы мал басын көбейту мақсатында мемлекеттік жер қоры есебінен 200  гектер жерді жалға алып, ірі қара өсіруді қолға алған. Кейіннен мал басы көбейіп, мал жайылымын ұлғайту үшін 2016 жылы 100 гектар және 2017 жылы 150 гектар жерді қосымша алып, шаруашылығын одан әрмен дамыта түскен. Қазіргі таңда бұл шаруашылықта 160 бас ірі қара болса, оның 90 басы көктем айларында бұзаулайтын ана бас сиырлар. Қалғаны тана-торпақ, өгізшелер. Сонымен қатар 27 бас жылқылары екі үйірді құрап жүр.

Мал тұқымын асылдандыру мақсатында 2016-2017 жылдары «Қазақтың Ақбас» тұқымды бұқаларын сатып әкелген. Нәтижесінде мал тұқымы айтарлықтай асылданған.

Мал қыстатуға ерте қамданған шаруашылық 600 орама шөп, 10 тонна жем жинап қойған. Шаруашылықтың жылдан-жылға өркендеп, тасының өрге домалауына сүбелі үлес қосып жүрген бақташылары Бекболат Қосаев пен оның зайыбы Сандуғаш Елшібаева. Ал «Қамбар ата» тізгінін ұстаған Разақ Қыдырбаев жыл он екі ай ат үстінен түспейді. 

Шаруа қожалақтың орналас-қан жері егіс алқабына жақын болғандықтан ірі қаралардан көз жазбай қарап жүрген бақ-ташылардың тұрғын үйлері, қысқы және жазғы мал қоралары да жаңартылып,  заман талабына сай салынған екен.

«Абылай хан» шаруа қожа-лығында қысқы мал азығын дайындау жұмыстары өте дұрыс жолға қойылған. Өйткені Аңсат Малдыбаевтың шөп шабуға арналған «Германка» комбайны, сондай-ақ бір шөп тиейтін құрылғы орнатылған «МТЗ-80» тракторы, шөп басатын тіркемелі бір «МТЗ-82» және бір «МТЗ-92» тракторлары бар. 

Еңбектің нағыз қараторысына айналған Аңсат Малдыбаев егін егумен айналысатын шаруашылықтардың суармалы жерлерінен келісім-шарт бойынша шөп шауып, қысқы мал азығын дайындап алады. Механизаторлары да жыл сайын өздерінің тұрақты айналысып жүрген жұмыстары болғандықтан бұл іске жауапты қарайды.

Мал өсіруді қолға алған кәсіпкердің ендігі арманы ша-руашылығы өркендеп жатқан жерге электр жарығын жүргізіп, жер құдық қаздыру.

Сапар барысында «Абылай хан» ШҚ-ның ірі қаралары қыс мезгілінде қол құдыққа орнатылған су соратын құрылғы арқылы темір науадан суғарылып жүргенін аңғардым. Тіршілік нәрін пайдалану үшін тоқ генераторын іске қосады. Әңгімелеріне құрақ түріп тыңдасам олар үшін мал суғару кезеңі күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған.    

Мал басын жылдан-жылға көбейтіп, мал қыстату науқанын ойдағыдай еңсеріп жүрген ша-руашылықтың күйбең тірлігін көзбен көріп, «Қыстай берсе қыспай берсін» деген ізгі тілегімізді арнадық. 

Қиындығы жетіп артылатын, машақаты мол тірлікті қолға алған аграрлы өңіріміздегі мал шаруашылығымен тұрақты айналысып жүрген шаруашылықтар мал қыстату науқанын ойдағыдай атқарып жатыр десек болады. Қалай десек те, биылғы қыс мезгілімен келді, қар да уақытымен түсті. Бірақ та табиғаттың тосын мінезін болжап айту қиын. Сондықтан да «қыс жайлы өтіп жатыр» деп айтуға әзірше болмайды.

                         Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».

 

   

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр