Еліміздегі аса өзекті проблемалардың қатарына қоршаған ортаны қорғау мен экологиядағы өзекті мәселелер жатады. Осы жағдайға қатысты бүгінгі таңда елімізде түрлі ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Дана халқымыз: «Бірінші байлық – денсаулық, денсаулық кепілі – тазалық» демекші, көше бойындағы күл-қоқыстардың өзі адам денсаулығына кері әсер ететінін естен шығармағанымыз жөн.
Табиғат байлықтарын сақтау жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтардың өмірі мен қызметін, мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуының және әлауқатын арттырудың негізі болып саналады. Ал қоршаған ортаны, ондағы жасыл желекті аялау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен оның байлықтарын сақтау және көркейту әрбір адамзаттың міндетіне кіреді. Күн санап дамып келе жатқан тұрмыс-тіршілігімізге қуана қараймыз. Әйтсе де, сол даму қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Мәселен, дүкен сөресінде самсап тұрған тағамдар мен сусындардың барлығы арнайы қорапқа немесе полиэтилен пакетке түрілген. Бұрыңғы әжеміздің қолдан тіккен өміршең қолдорбасын пакет алмастырды. Сүт, сұйық май, шырын, сусын бәрі-бәрі түрлі қорапқа немесе шыны ыдысқа, қала берді «баклажкаға» құйылған. Міне, ең алдымен ауыл тазалығын ластайтын осы тұрмыстық қалдықтар. Тіпті, кейде екі-үш жігіт тасалау жерде бас қосып сыра ішсе немесе екі-үш бала дүкен алдында балмұздақ жеп, шырын ішсе соның өзі-ақ жетіп жатыр. Өз үй-жайларының айналасындағы көң-қоқысты көше шетіне шығару өз алдына бөлек әңгіме.
Десе де, кей көшелердің тазармайтын түрі бар. Анау жерде бос бөтелкелер, мына жерде қағаз қалдықтары, ал мына бір жерде қап-қап болған бала жөргектері. Оны барып ит мына жаққа бір, мына жаққа бір тасып әлек.
Жасыратыны жоқ, әрбіріміздің үйімізде кішкентайымыз бар. Олар бір күнде бірнеше жөргек ауыстырады. Ал, бір аптада ол бір қап болады. Мұны қапқа жинап, толған соң көлікке тиеп белгіленген жеріне апарып тастасақ, ал пакеттер көше бойына әрі-бері ұшып жүрмес үшін жанатын қоқыстарды аула бұрышына апарып өртесек нұр үстіне нұр болар еді.
Берілген тапсырма бойынша бір емес, бірнеше жерді араладық. Тұрғындардың шығарған қоқысы оңды-солды шашылып жатыр. Атын атап, түсін түстемеуді жөн көрдік. Алайда, әрбір ауыл тұрғыны өз үй-жайларының айналасын жинап, жанатын тұрмыстық қалдықты мұқият өртеп, басқа қалдықтарды уақытылы арнайы күл-қоқыс төгетін орынға апарса құба-құп болар еді.
«Ауылына қарап азаматын таны» дейді атам қазақ. Сырттан қараған сыншыл көз ауданымызға қызыға қараса сол мақтаныш емес пе? Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз бір үйдің баласындай атсалысайық, ағайын!
Өз тілшімізден.