Күз мезгілінде егістік алқаптардың топырағын өңдеп, келесі жылдың көктемгі дала жұмыстарына дайындалу диқаншылар қауымының жыл сайын атқаратын жұмыстарының бірі. Күзгі егіс орағы аяқталғаннан кейін топырақты өңдеудің мақсаты - келер көктемде егілетін дәнді дақылға қолайлы жағдай жасау арқылы агротехникалық шараларды өз дәрежесіне сай атқару маңыздылығын аудан диқаншылары жақсы біледі.
Сонымен қатар күз айларында сүдігер жырту жұмыстары егіс алқабындағы арамшөптердің тамыры мен тұқымдарын жойып, ауылшаруашылық дәнді дақылдарының зиянды жәндіктер мен ауру қоздырғыштарының жойылуына мол мүмкіндік туғызады.
Бұл ауқымды жұмыстарды қолға алған аудан диқаншылары күз мезгілінде де дала төсін дүбірге бөлеп, еңбектің қара қазанын қайнатып жатыр.
Аудандық ауылшаруашылық мамандарының мәліметіне сүйенсек, аудан көлемінде жоспарланған 7000 гектар суармалы егіс алқабының бүгінгі таңда 4300 гектарын жыртып, келесі жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындап та қойыпты.
Күріш орағын ойдағыдай аяқтаған Агрофирма «Бірлік» ЖШС-гі мен «Динара» ӨК-ві және «Марат» ШҚ-ғы сүдігер жырту жұмыстарын ойдағыдай атқарып, көш бастап келеді.
Өз тілшімізден.