Ұлттық валютаны айналымға шығару туралы

теңге.jpg

1993 жылғы қарашада ұлттық валютаның айналымға шығуы Қазақстанға өзінің қаржылық тарихын, өзінің Қаржы нарығын құруға және тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізуге мүмкіндік берді.  

Аса құпия режимде жаңа валютаның дизайнын әзірлейтін шығармашылық топ құрылды. Оған суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалилов кірді.

Теңгенің дизайнын әзірлеушілердің алдында тек төлем құралын ғана емес, сонымен қатар ең қиын міндет – қысқа мерзімде, 1 ай ішінде жоғары сапа мен айрықша дизайнды бір арнаға тоғыстыру тұрды.  Теңгеде мәдени және тарихи шежіре сайрап тұруға тиіс еді. Қазақстанның ақша белгілерінің бірінші партиясы «Harrison & Sons» атты ағылшын компаниясына баспаға жіберілді.

Алғашқы банкноттарда портреттер галереясы бейнеленді. 1 теңге купюрасында – Әл-Фарабидің портреті, 3 теңгеде – Сүйінбай, 5 теңгеде – Құрманғазы, 10 теңгеде – Шоқан Уәлиханов, 20 теңгеде – Абай Құнанбаев, 50 теңгеде – Әбілқайыр хан, 100 теңгеде Абылай хан бейнесі болды.

 

Теңге енгізілген сәттен бергі Қазақстандағы валюталық режимдер туралы

Теңге айналымға шыққаннан кейінгі алғашқы алты жылда ақшалай таргеттеу режимі болды. Бұл инфляцияны үш таңбалы мәндерден төмендетуге мүмкіндік берді. Содан кейін, кейінгі он бес жылда, 2000 жылдан бастап, елде белгіленген валюта бағамы режимі жұмыс істеді. Ол экономиканың қарқынды дамыған кезеңінде инфляцияны төмен деңгейде ұстады.

2015 жылдан бастап Қазақстанда инфляциялық таргеттеу режимі жұмыс істейді. Әлемнің көптеген еліндегі бұл режимнің маңызды және міндетті шарттарының бірі – орталық банктің нарық бағамын құруға араласпауы қазір біздің елге де таңсық емес. Ұлттық валютаның еркін өзгермелі бағамы экономиканың әлемдегі құбылмалы ахуалға тезірек бейімделуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұл режим орталық банктен негізгі мандаты – бағаны тұрақтандыруды мүлтіксіз орындау үшін айтарлықтай тәртіпті талап ететінін атап өту қажет.

 

Қазақстан Ұлттық Банкінің жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты туралы

Ақша-кредит саясатының негізгі құралы – базалық мөлшерлеме бағаны тұрақтандырудың, яғни инфляцияны белгіленген нысананың шегіне дейін төмендетудегі негізгі мақсатты ескере отырып белгіленеді.

Сонымен қатар, базалық мөлшерлеменің инфляцияға әсері белгілі бір уақыт өткеннен кейін байқалатындықтан, инфляцияға болжам жасау аса маңызды. Ұлттық банктің кейінгі болжамдары бойынша биыл инфляция – 10-12%, 2024 жылы – 7,5–9,5%, 2025 жылы – 5,5–7,5% шегінде қалыптасады. Осылайша, алдағы 2-3 жылда базалық сценарий бойынша инфляцияның 5%-ға дейін төмендейді деген болжам бар.

Жоғары инфляциямен күрес аяқталды деп айтуға әлі ерте. Осы жылғы қазанда 10,8%-ға дейін біртіндеп төмендегеніне қарамастан, инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде, яғни белгіленген мақсаттан едәуір асып тұр. Экономикадағы бірқатар фактордың әсерінен инфляциялық қысым сақталып отыр. Бұған геосаяси шиеленіске байланысты сыртқы ахуалдың белгісіздігі қосылады.

Осы жағдайды ескерсек, тежеу саясаты елдегі инфляциялық процестерді төмендету үшін қажет.

 

Долларды азайту бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы

Қазақстанның банк жүйесіндегі депозиттік базадағы доллар мөлшері бұрын-соңды болмаған төмен деңгейде тұр. Жыл басынан бері депозиттердегі доллар мөлшері ~7 пайыздық тармаққа төмендеп, биылғы қыркүйекте 25% болды, бұл кейінгі 16 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Бұл динамикаға негізінен ұлттық валютадағы салымдардың жыл басынан бері 11%-ға немесе 2,4 трлн теңгеге өсуі әсер етті. Жеке тұлғалардың теңгедегі салымдары 18%-ға, заңды тұлғалардікі – 4%-ға өсті.

Долларға келер болсақ, жыл басынан бері шетел валютасындағы депозиттердің төмендеуі 21,8% болды.

Ұлттық валютадағы депозиттер өсуі, шетел валютасындағы салымдардың валюталық баламада төмендеуі депозиттер бойынша тартымды мөлшерлемеге байланысты.

Депозиттердегі доллардың азаю трендіне депозиттерге кепілдік беру жүйесіндегі өзгерістер де ықпал етті. 2022 жылғы қаңтардан бастап теңгедегі жинақ салымдары бойынша кепілдіктің ең жоғары мөлшері 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде теңгедегі салымдарға берілетін кепілдіктің ең жоғары сомасы салымның түріне қарай 10-нан 20 млн теңгеге дейін жетті.

Дағдарыс кезінде теңгедегі депозит базасын Үкімет пен Ұлттық Банк жариялаған теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы қолдады. Бағдарлама аяқталғаннан кейін де 2023 жылғы наурызда теңгедегі депозиттердің азаюы байқалмағанын атап өткен жөн.

Доллармен берілетін несиелерден де төмендеу үрдісі байқалады. Ұлттық валютадағы кредит портфелі 2023 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша 25,2 трлн теңге болды. Бұл ретте шетел валютасындағы кредиттер жылдық мәнде 5%-ға азайды.

 

Экономиканың нақты секторын кредиттеу бойынша атқарылатын шаралар туралы

Депозиттерді тұрақты, шұғыл болжанатын, қор базасы ретінде трансформациялау банктер үшін аса маңызды. Экономиканы тиімді несиелеу үшін банк секторына активтер мен міндеттемелерді басқару процесіндегі белгісіздіктің үлесін азайту да айрықша маңызды.

Өздеріңіз білетіндей, банктер қорының негізгі бөлігін депозиттер құрайды. Тартылған ресурстардың 68%-ы – заңды және жеке тұлғалардың салымдары. Шынында да, депозиттердің тұрақтылығы жалпы ұстау мерзімі бойынша да, жинақ депозиттерінің үлесі бойынша да төмен деңгейде қалып отыр. Демек, тұрақты қор базасын қалыптастыру маңызды болып қала бермек.

Ұлттық Банк әртүрлі кезеңдерде банктердегі қор тұрақтылығын арттыру үшін түрлі шаралар қабылдады. Мәселен, депозиттердің мерзімді нарығын тікелей заңнамалық тыйым салмай және банктерді қор базасын ұзартпай нарық тетіктері арқылы дамыту үшін, сондай-ақ пайыздық тәуекелдерді төмендету үшін Ұлттық Банк ҚДЕБР-мен бірлесіп халықтың теңгедегі депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелердің жаңа тетігін енгізген болатын.

Атап айтқанда, ҚДЕБР кепілдігінің жоғары кірістілігі мен жоғары деңгейін көздейтін, сондай-ақ мерзімінен бұрын алып қоюды ынталандыратын жинақ депозиттерінің жаңа тоббы пайда болды. Бұл шара банктердің депозиттерді мерзімінен бұрын алуға байланысты тәуекелдерін дұрыс көрсетуге мүмкіндік берді, бұл Базель комитетінің Банктік қадағалау және тәуекелдерді басқару саласындағы жалпы қабылданған әлемдік практика жөніндегі ұсынымдарына сәйкес келеді.

Теңгелік депозиттердің тартымдылығын арттыру мақсатында Ұлттық банк те теңгедегі жинақ салымдары бойынша кепілдік деңгейін арттыруға бастамашылық жасады.

 Банктерге депозиттерге қарағанда ұзағырақ ақша тартуға мүмкіндік беретін банктерді қорландырудың тағы бір құралы – облигациялар шығару арқылы қаржыландыру.

Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау мәселесін пысықтап жатыр. Мұндай инвестициялардың негізгі параметрлері: нарықтық жағдайда, банктердің тұрақтылығына қойылатын талаптарды белгілеу және бизнесті несиелеу бойынша қарсы міндеттемелерді белгілеу. Осылайша, банктер тартқан қаражатты тек экономиканы әртараптандыруға және өсіруге ықпал ететін нақты секторды кредиттеуге бағыттау көзделеді.

 

Банкноталар мен монеталар өндірісі туралы

Қазақстандық ақша Англияда 1995 жылға дейін басылып шықты. Ал 1995 жылғы 19 мамырдан бастап теңгенің барлық номиналы қазақстандық банкнот фабрикасында дайындала бастады. Бүгінде Қазақстан Банкнот фабрикасының әлемдегі 9 ел үшін 15 номинал бойынша банкноталар шығару тәжірибесі бар. Халықаралық сарапшылар қазіргі қазақстандық банкноталардағы өнер мен заманауи технологиялардың сәтті үйлесімін ерекше атап өтіп, оларға жоғары баға береді. Банкноталардың дизайны елдің бүкіл тарихын, мәдениетін және бірегейлігін айқындайды. Сәйкесінше, Қазақстан банкноталар өндіру саласындағы әлемдегі ең озық елдердің бірі болып танылады. Қазақстан ұлттық валютасының банкноталары ең жоғары халықаралық наградаларға ие болды. Атап айтқанда, 2007 жылы «Үздік жаңа банкнота» номинациясы бойынша бірінші орын. Сондай-ақ, 2011, 2012, 2013 жылдардағы ең үздік жаңа банкнота атағын алды.

Банкнот фабрикасында теңге шығарудың басталуымен бір мезгілде Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының базасында монеталар соғу жөніндегі өнеркәсіптік кәсіпорнының тарихы басталды. 1999 жылы Қазақстан теңге сарайы күмістен алғашқы «proof» коллекциялық монетасын шығарды. Бұл монеталарды «Ғасырлар белесі» деп атады.

Кейінірек теңге сарайы тантал кірістірулері бар монеталарды шығару техникасын игерді. Ал 2011 жылы кәсіпорын осы ерекше метал бөлшегімен монеталар өндіруге инновациялық патент алды. Қазіргі таңда отандық теңге сарайы танталдың түсін өзгерту технологиясына ие. Бүгінде Қазақстан монета сарайы Қырғызстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Беларусь Республикасы үшін, сондай-ақ көптеген нумизматикалық компания үшін коллекциялық монеталар дайындайды.

 

Ұлттық валютаның цифрлық формасы туралы

Цифрлық теңге – қолма-қол ақшамен, банк шоттарындағы қаражатпен қатар өмір сүретін ұлттық валютаның цифрлық формасы.

Жоба қаржы нарығының екі деңгейлі моделі негізінде жүзеге асырылады, оның шеңберінде негізгі тұтынушылармен – жеке және заңды тұлғалармен өзара байланыс бұрынғысынша, қаржы нарығына қатысушылар арқылы жүргізілетін болады.

Цифрлық теңге экономикалық агенттерін цифрлық экономиканы қалыптастыруға керек қажеттіліктермен қамтамасыз етеді. Смарт-келісімшарттар мен бағдарламалау нарық қатысушыларына жаңа инновациялық сервистер құруға мүмкіндік береді, жалпы тәуелсіз белсенді төлемдер мен бюджет қаражатын жұмсауды қоса алғанда, төлем жүргізудің тиімділігі артады, цифрлық активтер индустриясындағы есептеулер қауіпсіз болады. Офлайн төлемнің арқасында қолма-қол ақшасыз төлемдер қолжетімді бола түседі, әсіресе интернетпен қамтылмаған жерлерде қолжетімділік артады. Трансшекаралық төлемдер мен аударымдар айтарлықтай жеңілдейді және арзандайды.

Сондай-ақ, цифрлық теңге төлем құралы ретінде жүреді, оны қолданғанда ешқандай пайыз есептелмейді. Цифрлық теңге POS-терминалдар, QR-кодтар, биометриялық технологиялар және транзакцияларды жүргізудің өзге де тәсілдерін қоса алғанда, инфрақұрылымның қазіргі элементтері арқылы жүретін болады.

Цифрлық теңге жобасы 2025 жылдың аяғына дейін, бұған дейін жоспаланған мақсатқа сай, біртіндеп енгізіледі.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР
  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ