БАТЫРЛАР ЕРЛІГІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына - 300 жыл

003c99c5-2919-46bd-a0be-816ba7c5af96.jpg

Биыл «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына - 300 жыл толып отыр. Тарихи деректерге сүйенсек, 1723 жылдың көктемінде қазақ елінің қас жауы жоңғарлар 7 түмен әскерімен басып кірген. Қанды балақ жау бейбіт өмір сүріп жатқан  қазақ халқын талан-таражға салып, азық-түлік, мал-мүлкін тартып алуды көздеді. Қыс мезгілінен әрең шыққан халқымыз шетінен қырғынға ұшырады. Барлығы жан-жақа тарап, кейбіреулері  Самарқандқа, кейбір тайпа-рулар Қызылқұмға, Қарақұмға өтіп кеткен. Ең ауыр қайғы-қасірет туған-туыстар мен жақын жандардың қазасы болды.

Халқымыздың үштен екі бөлігі қырғынға ұшырап, бірқатары құлдыққа сатылып кеткен. Бала-шаға ашаршылыққа ұшырай баста-ған. Ажалдан аман қалу үшін елден безіп, шет мемлекеттерге қоныс аударушылардың қатары көбейіп кетті. Сөйтіп бұл оқиға «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы деген атауға ие болады.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» – қазақ халқының жоңғар шапқын-шылығы 1723–1730 жылдары болған соғыстың салдарынан басынан кешкен ауыр қасіретін, босқыншылыққа ұшыраған кезеңін бейнелейтін ұғым. Жеті жылға созылған тарихи оқиғаның бастау алуына биыл-300 жыл толып отыр. Осынау тарихи зобалаңның шығу себептері, оның халқымыз үшін орны толмас зардабы, жеңісті жылдардың рухани маңыздылығына тоқталып өтуді жөн санадық.

Осы жаугершілік басталар-дың алдында қазақ даласында ұзақ уақытқа созылған алапат жұттың салдары өте ауыр болды. Халқымыздың өзара саяси-әлеуметтік байланысы әлсіреді, халықтың әл-ауқаты төмендеді. Ішкі алаауыздық, билікке деген талас-тартыс қауіпті жаудың бар екендігін ұмыттырды. 

Осынау қиын-қыстау заманды  қазақ халқының бірлігінің арқасында, ел қорғаған батыр-ларының күш біріктіріп, көрсеткен ерліктерінің арқа-сында  «Аңырақай» шайқасын жеңіспен аяқтады. Бұл оқиға қазақ халқының есінде мәңгі қалатын өшпес із болмақ.  

Бес қаруын асынып, қазақ жеріне басып кірген жау ойсырай жеңіліс тапты.  Қазақ батырларының көзсіз ерліктерінің, қайтпас қайсарлығының арқасында еліміз осындай бейбіт күннің нұры төгілген ашық аспан астында өмір сүріп жатыр. 

Ақтабан шұбырынды оқи-ғасының мәңгі тарихта қалуы ұлы жеңіске жетуінің, ұлы дала болуының бейнесі ретінде қазақ халқының есінде мәңгі сақталады.

Тарихшылардың айтуынша жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы біржола тоқтағаны Абылай ханның даналығының арқасында болған. Ұлы қол-басшы Жоңғар елінің ішкі алауыздығын тудыру арқылы, сыртқы қорғаныстарын әл-сіреткен.

«Жоңғар хандығының тарихы» атты еңбектің авторы И.Я. Зпаткиннің айтуынша, XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін жоңғарлар Шығыс Түркістан халықтарын, қырғыз, тува, алтайлықтарды өзіне бағындырған. Ал  отызыншы жылдарға қарай Жоңғария Еуразиядағы күшті көшпелі державалардың біріне айналған. Бұл кезеңдерде Жоңғар мемлекеті бір мезгілде Қытай, Қазақ хандығы және Орта Азия билеушілерімен соғыстар жүргізіп, Ресейдің солтүстік шекараларына қауіп төндіре бастаған. Ресейдің Сібір мен Алтайдағы бекіністеріне жиі шабуылдап отырды. 

Қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғар әскерінің қару-жарақтары жеткілікті және әскер саныда қазақтарға қарағанда көп болған. Жүз мың жауынгері бар, бес қаруы сай олар гүрсілдетіп зеңбірек атып, мылтықтан оқ жаудырып, Шу және Талас өзендері аңғарынан бір-ақ шықты. Тасқын селдей ағылған басқыншының атты әскеріне қылыш-найзасымен батыл көтерілген қазақ жасақтары алғашқыда тосқауыл бола алмады. Дәл сол жылдары Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны қазақ қайғысының символы ретінде дүниеге келді. Қазақтар шайқас алаңында 100 мыңға жуық жауынгерден айырылды, бейбіт тұрғындар арасында құрбан болғандар саны бірнеше есе көп болды. Қанды қырғын кезінде қазақтар Жетісудың бай жайылымдарын жоғалтып, көшіп-қонудың дәстүрлі бағыттары бұзылды, сауда, қолөнер орталықтары құлдырап, мал саны күрт азайды.

Халықтың басына түскен нәубаттан құтылу үшін ұлт зиялылары түрлі амалдарды ойластырды. Сол кезеңдерде қазақ қоғамында  бірігу рухы пайда болды. Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген қазақ жасақтары Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғарлар қазақ жерін тұтастай басып алуға түрлі амалдарын жасап жатқан болтын-ды. Қазақтардың жасап жатқан әрекеттерін сезген олар Шу мен Балқаштың оңтүстігіне қарай әскер күшін шоғырлай бастады. Қазақ әскерлері жан-жақтан күш біріктеріп, сан түрлі соғыс тәсілдерін қолданып, жауға тойтарыс берудің небір амалдарын ойлап тапты.

Нәтижесінде 1723-1724 жылдардағы ірі жеңілістерден соң асығыс түрде жер-жерде жасақтар құрыла бастады, оларды халық арасынан шыққан мықты батырлар басқарды.

Осындай қиын кезеңде Абылай, Әбілқайыр хандар-дың, Төле, Қазыбек, Әйте-ке билердің, талантты қол-басшылар — Бөгенбай, Қабанбай, Райымбек, Наурызбай, Малайсары және Жәнібек батырлардың даңқы шықты. Бұл жеңіс халқымыздың «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірігуінің арқасында жүзеге асырылды.

Данқты батырлардың ел басына күн туған заманда көрсеткен ерліктерін бүгінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында аудан көлеміндегі кітапханалар мен білім шаңырақтарында «Батырлар ерлігі», «Ерлік мәңгі өшпейді» тағы да басқа тақырыптарда мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Қазақ халқында ел тағдыры сынға түскен заманда жеріміздің бүтіндігі мен ұлт тұтастығы үшін қолына бес қаруын алып, ту көтерген батырларымыз көп болған.

Қалай десек те бабалар тарихы сан рет жазылып, ел аузында айтылар, ал олардың ат үстінде өткен өмірлері мен ерліктері ұрпақ тәрбиесі үшін үлкен өнегеге толы болмақ.

                                                 Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».


 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр