САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТІЛДІ

f5985ac2-50cc-4074-a300-40256749101e.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру- өте маңызды мәселе.

Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталанбауына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз. Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлы бірлігін сақтаған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған  ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет» деді.

Иә, қиын-қыстау замандарда басынан небір қиыншылық пен зорлық-зомбылықты, аласапыран мен ашаршылықты  өткерген халқымыз өткен тарихын ешқашанда ұмытқан емес. Сонау ХХ-шы ғасырда  «қазағым» деп еңіреп, халқының жоғын жоқтаған Алаш арыстары мен халық зиялыларын жазықсыздан-жазықсыз  қырып, қуғын-сүргінге ұшыратқан Қызыл империяның зорлық-зобалаңы тарих бетіне тайға таңба басқандай жазылып қалды. 31 мамыр  сонау қасіретті жылдардың қара бұлтын жамылған кезеңдерде жазықсыз атылып, жапа шеккен боздақтардың рухына тағзым етіп, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын   еске алатын күн.

«Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күнінде орай «Ақкөл көтерілісі» құрбандарына арналып тұрғызылған ескерткіш басына жиналып, рухы биік бабаларымызға Құран бағыштап, гүл шоқтарын қою аудан тұрғындары үшін жыл сайын дәстүрге айналған. Аталмыш ескерткіштің дәл осы тұста бой көтеруі де кездейсоқ емес. Нәубетті жылдары ескі Ақкөл ауылындағы Пошта үйінде бір түнде қанқұйлы саясаттың құрбанына айналған он бір арыстай азаматтарымыз сотсыз-сұрақсыз атылған екен. Ал сотталып, кейіннен хабарсыз кеткендер қаншама?!

 Жыл сайын  осы күні халқымыздың болашағы үшін күресіп, жапа шеккен құрбандарды еске алу мақсатында Балқаш топырағының осы бір қасиетті жеріне халық  көп жиналады. Бұл дәстүрлі іс-шара биылда өз жалғасын тапты. 

Осы бір тарихи күнге аудан әкімінің орынбасары Азат Құтпанбетов бастаған аудандық мекеме-ұйым басшылары, ел ағалары, қоғамдық ұйым өкілдері мен ауыл тұрғындары ескерткіш маңына жиналып, гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына Құран бағыштады.

                                                                                                                                Өз тілшімізден.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР