Жазғы маусымда облыс тұрғындары жиналатын дәстүрлі орын - Қапшағай су қоймасы.
Дегенмен, келушілердің барлығы дерлік жағалауда орналасқан демалыс орындарын таңдай бермейді. Көбісі, әсіресе жергілікті халық қала жағажайында серуендегенді ұнатады.
Шындығында, қала ішінде де бірнеше жағажай орналасқан. Алда оларды бірыңғай стиль мен ортақ сызыққа біріктіру жоспарланып отыр. Алда 5 учаскеге жөндеу, жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
Жағажай аймағын толығымен кеңейту үшін тас пен құм әкелінеді. Кіреберістегі жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылады. Жағалау аймағындағы коммуналдық мекемелер жасыл желек отырғызып, көгал төсейді. Ал мердігер компания осы аймаққа автоматты суару мен күтімді қамтамасыз етеді.
Жаңа жағажай шатыр астындағы жаттығу, ойын алаңы, балалар бассейнімен ерекшеленеді.
Инфрақұрылым кәсіпкерлік нысандардың жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін атап өтпесек болмас. Сейфуллин көшесі мен жағажай бойынан басталатын ұзындығы 5300 метр болатын велосипед жолы веломарафондар өткізуге мүмкіндік береді.
Құмды жағажайдың өзі 60 метрге дейін кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер пирсімен және ұзындығы 50 метр бақылау палубасымен жабдықталады. Сондай-ақ, демалушыларға ыңғайлы болу үшін киім ауыстыратын бөлмелер, ал қауіпсіздік үшін полицияның мобильді пункті орнатылады. Футболға қызығушы жастар стадионда көңілді уақыт өткізе алады.
Салынып жатқан нысандарды аралау барысында аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев жөндеу жұмыстарын тез аяқтау үшін жұмысшылар санын арттыру қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев Сұлтанғазиевке жұмыс барысында туристердің ғана емес, жергілікті тұрғындардың да тілектері де ескерілетінін баяндады.
"Өткен жылы қалаға 1 миллионға жуық турист келсе, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай артады. Қалалық жағажайларды абаттандыру сервис деңгейін арттырады және кәсіпкерліктің дамуына оң әсер етеді", - деді Нұрлан Құматаев.
Жағажайды абаттандыру жобасын іске асыру облыс орталығының көрнекті жерін көрсетуге, табиғи ерекшелігін пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл орын Ironman халықаралық жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді, ал судағы бірегей амфитеатр мәдени-бұқаралық іс-шараларды, спорттық жарыстарды өткізу үшін жаңа орын болады.
Айта кетейік, қала басшылығы үшін тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Сондықтан жағажай аумағында алғашқы медициналық көмек көрсету құралдарымен қамтамасыз етілген медициналық пункт жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ суға түсу ережелері жазылған ақпараттық стендтерілінеді, құтқарушылармен бірге 5 қарау мұнарасы орнатылады.
Қапшағай су қоймасы түбінің тереңдігін анықтау, айырмашылықтарын теңестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.