ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН...

e5134c41-3c20-4565-8547-cef95a90ab85.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда қарапайым еңбек адамына деген құрмет салтанат құру қажеттігін атап айтқан болатын-ды. Осы тұрғыда аудан көлемінде қарапайым еңбектің қарақазанында қайнап жүрген жерлестеріміз жетерлік.

 Адал еңбектің арқасында ұрпаққа өлшеусіз байлық қалдырған ата-бабаларымыз ежелден еңбекқор халық болған. Ерінбей еңбек еткен адамның ешуақытта қор болмайтыны да белгілі. Білектің күшімен қара жұмыспен айналысудың жөні бір бөлек болса, техниканың тілін біліп, әртүрлі жұмыстардың қыр-сырын меңгеріп кәсібінен несібе көріп жүрген еңбек сүйгіш адамдар біздің ауданда да көптеп саналады. Солардың бірі Ақдала ауылының тұрғыны Әнуар Бегімжанов десек ақиқаттан алшақ кетпеген болар едік.

Әңгіме кейіпкері 1979 жылы мектеп бітіріп, Көктал совхозында көмекші бақташы болып алғашқы еңбек жолын бастаған.  1980-1982 жылдар аралығында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Бақанас ауылындағы автомектепте  оқып, көлік жүргізуші куәлігін алып шыққан. Сөйтіп 1983-1995 жылдар аралығында Ақдала совхозындағы сүт зауытында сүт тасмалдайтын көлігінің жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. Темір тұлпарды тізгіндеп жүріп,  дәнекерлеу кәсіпті де  өз ынтасымен үйреніп, меңгеріп алған.

Темірден түйін түйген дәнекерлеуші жұмыстан кейін бос  уақытын құр өткізбей тұрғын үйлердің жылу жүйелерін орнатып, сантүрлі дәнекерлеу жұмыстарды жасап өзінің өзгелерге ұқсамайтын үлгідегі қолөнерін дамыта түседі. Хас шебер 1995 жылы  егіс бригадасына дәнекерлеуші болып жұмысқа ауысып, ол жерде 1997 жылға дейін абыройлы еңбек етті. Жылдар өте келе  бұл мамандықтың қыр-сырын жетік меңгеріп, дәнекерлеудің нағыз хас шебері болып, ел аузында «Ас сваршик» деген лақапатқа ие болған еңбек адамы бүгінде  кез келген ортада беделді азамат болып, сый құрметке бөленуде.

Он саусағынан өнер тамған Әнуар Әліпбайұлының қолынан жасалған көрнекі дүниелер жетерлік. Сондай көрнекі дүниенің бірі Қонаев қаласынан келе жатқан жолаушы Бақанас ауылына жақындаған сәтте  жол бойында тұрған қақпаны байқамай өтуі әсте мүмкін емес. Алыстан мен мұндалап тұрған кіреберіс қақпаның жасалуынан бір мін таппайсың. 

Жас күнінен еңбекке ерте араласып, бір өзі бірнеше мамандықты меңгерген Әнуар Бегімжанов мал бордақылауды да кәсіпке айналдырған.  Қашан көрсеңде қорасында жем-шөпке байланған жылқы немесе ірі қара, қой-ешкілер тұрады.

 Ерте тұрып кеш жатып, күні бойы тынымсыз еңбек етіп жүрген дәнекерлеушінің жасаған қолөнер жұмыстарын ауыл азаматтары тамсанып айтып, оның еңбекқорлығына қайран қалып жатады. 

Сол жылдары техникалардың жекеменшікке өтіп жатқан кезеңі болатын. Өзінің кәсіп жасай алатына сенімді болған әңгіме кейіпкері «МТЗ-80» тракторын сатып алып, дәнекерлеуші құрылғыны қолдан құрастырып алады да жеке кәсіппен айналысуға бел буады. 

Бүгінде еңбектің қараторысы атанған дәнекерлеушінің  «МТЗ-80» тракторына шөп тиегіш және қоқыс тиегіш қондырғылары орнатылған. Сондай-ақ  механикалық және электр қуатымен жұмыс жасайтын дәнекерлейтін құрылғыларымен  жем тартқыш, шөп турағыш құрылғылары сақадай сай тұр екен. Осы орайда қолөнер шеберінің ерекше  қабілетіне сүйенсек, шөп турайтын құрылғыны қолдан құрастырып, оның жұмыс сызбасын өзі ойлап тапқан. Сонда қолөнер шеберінің ғылыми жұмыстармен де айналысып жүргеніне көз жеткізуге болады. Жоғарыда аталған құрылғылардың жұмысына байланысты тапсырыс болса ақылы қызмет көрсетіп, несібесін еңбектен тауып жүрген жайы бар. 

Еңбектің қараторысы атанған Әнуар ағаның арманы өсіріп отырған ұл-қызының бақытты ғұмыр кешуі. Олардың жоғары білім алып, абыройлы қызмет жасағанын армандаған әкенің тілегіде орындалыпты.

Еңбек ету табандылық пен ерік-жігерді қажет етеді.  Осындай құрыш қолынан өнер тамған азаматтарды көргенде «ісіңіз алға бассын» деген тілек тіл ұшына орала береді.

 

Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, «Балқаш өңірі». 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР