БЕКЗАТ ӨНЕРДІҢ БЕГАЙЫМЫ

1fe0b14a-1613-4a83-aa8d-ef21c5b94fda (1).jpg

«Мен қазақтың екі-ақ қызын білемін. Біріншісі – Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы еді, екіншісі- қарындасым Ағайша  баянда ойнап, ән айтады. Бұл қыздар елімізге келген біртуар таланттар ғой».

Дінмұхамед ҚОНАЕВ.

 

Күллі саналы ғұмырын ұлағатты ұстаздықпен сабақтас-тыра отырып, қазақтың қастерлі құндылықтары, сан қилы ұлт-тық өнеріміздің өркендеуіне, өміршең өнердің өрісін кеңейтіп, болашақпен үндестіріп, дамытуда өз өмірін өнерге, өнерді өмірге айналдырған, тума талант, шалқар шабыт, дархан дарын иесі, сәулелі өмір, сазсырнай ғұмыр егесі, ұстаз, профессор, әнші, сырнайшы, сазгер, қазақтың қадірлі қыздарының бірі Исағұлова Ағайша Шер-мұхамбетқызының ізденіске толы шығармашылық ерен еңбегі кез-келген  «ұлтым » деген ұл-қызға рух болғандай.

Бекзат өнердің Бегайымы – бұлбұлы,  қастерлі өнердің ханшайымы – хас шебері, дара өнердің дарабозы - дүлдүлі, саңлақты сара өнердің сүмбілі, өнерімен есімін еліне сүйікті еткен, ұлт өнері мен мәдениетінің тұғырын биіктеткен қазақтың Ағимасы – Ағайшасының талантына тамсанған ұлт зиялыларының бағамды бағалау-лары қаншама!

Осындай ой-түйіннің бір-інде аса ірі мемлекет және қоғам қайреткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, ұлтының рухани ұстазы, қайталанбас ұлы тұлға, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың Шермұхамметқызы-ның өнері жайлы айтылған өрелі ойында: «Мен қазақтың екі-ақ қызын білемін. Біріншісі – Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы еді, екіншісі- қарындасым Ағайша  баянда ойнап,ән айтады. Бұл қыздар елімізге келген біртуар таланттар ғой» – десе, орыс ақыны, жазушы, режиссер, сценарист, көркемсөз оқу шебері, актер Евгений Евтушенко «Агайша - грандиозный баянист» деп, ал,  Қырғызстанның халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қырғызстан Ғылым академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов  «Ее мастерство исполнения песен как шаманизм. Она держала всех нас на одном дыхании, на своей ладони» деп, баға берген екен.

Исағұлова Ағима (Ағайша) 1945 жылы 12 ақпанда жер жәннаты Жетісу өңірінде, жазиралы Жаркент аймағында дүниеге келген. Ол - бұрынғы Талдықорған облысы, Панфилов, Кербұлақ, Ескелді аудандарының Басши-Нұрым, Жетісу-Екпінді ауылдарының  тел өскен ортақ перзенті.

1963 жылы  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық инсти-тутының музыка-педагогика факультетіне оқуға түсіп, 1967 жылы аталған  оқу орнын бітіріп, еңбек жолын сол институтта ұстаздық қызметтен бастаған Ағайша Шермұхамметқызының  еңбек өтілі -  жарты ғасыр. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 1967 жылдан ұстаздық қызмет атқарған, доцент, профессор. А.Ш.Исағұлова - көптеген ғылыми әдістемелік еңбектердің және жалпы білім беретін мектептердегі «Музыка» бағ-дарламасына байланысты оқулықтардың, әдістемелік ұсы-ныстардың, хрестоматиялар мен фонохрестоматиялардың авторы.

Мектеп оқушыларына арнап ән жинақтарын құрастырып, балаларға арнайы әндер жазған ұстаз республикалық және обылыстық мамандардың білімін жетілдіру институттарының тұр-ақты лекторы да болды.

Майра Уәлиқызы Шамсутди-нованың сырнаймен ән айту мектебінің жалғастырушысы, сирек кездесетін ең жоғары колоратуралық сопраномен, төменгі альт дауыс мүмкіншілігі бар Ағайша Исағұлованың шәкірттері бүгінде байтақ еліміздің саз мектептерінде, орта және жоғары оқу орындарында баянмен ән салудан  дәріс береді.

Ол - 1968 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагоги-калық университетінің жанынан құрылған «Айгүл» ансамблінің,  сондай ақ, 1978 жылы құрылған «Шаттық жыры» ансамбілі мен Алматы қаласындағы «Ақ әжелер», «Ақсұңқар» ансамбілінің не-гізін қалаушылардың бірі. Әуезов, Алатау, Бостандық, Алмалы аудандары ардагерлер хор ұжымдарының жетекші-ұйым-дастырушысы.

Елін әнімен әлдилеп, сазға бөлеген композитор Ағайша Шермұхамбетқызының туған жер, туған ел, Отан тақырыбына жазылған және ел қорғаған Баһадүр батыр бабаларымыздың ерлігін ұлықтауға арналған, халық игілігіне айналған   80-нен астам әндері бар. Оның  «Отаным -  Қазақстан», «Қазақ елі», «Шарықта, елім!», «Көкпар», «Бекет ата»,  «Жалайыр баба», Қаракерей Қабанбай – Ерасылым», «Аталарым», «Ағажан», «Жаны жайсаң, жан аға», «Нар ұл», «Астана», «Талдықорған», «Қарабұлақ - Қаратал», «Кер-бұлақ», «Іргелі», «Текелінің ұл-қыздары»,  «Басши-Нұрым», «Жетісу мен Көкшедей», «Қос-көл», «Жаркент», «Мерке-Бұлақ», «Жол - ғұмыр», «Болдым ғашық өзіңе, Қарасаз!» тағы басқа туындылары мен насихаттап жүрген дәстүрлі әндері өнерпаз жастардың жұлдызын жарқыратқан репертуарына айналды.

Қазақ радиосы мен теле-арнасының «Алтын қорын» 300-дей жазбатаспаларымен байытқан А.Шермұхамбетқызының өзінің орындаған, шығарған, сүйемелдеген дуэт, квартет, ансамбльдер, хорлары – шыңға шыққан шығармашылық еңбегі-нің жемісі.

Халқымыздың музыка,ән-би өнерін насихаттауда қазақтың ақмаңдай  әншісі, Ағайша Исағұлованың шығармашылық еңбегі өнердегі іс-сапарымен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжік-стан, Украина, Беларуссия, Литва, Якутия (Саха), Россия, Германия, Югославия, Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Түркия сынды шетелдерде және Республикамыздың барлық облыстарында кеңінен танылды.

Сонымен қатар, «Қазақ радиосы», «Шалқар», «СТВ», «Жетісу», «Қазақстан», «Хабар», «Еуразия», «Гәкку», «Асыл арна», «Алматы» және тағы басқа  телеарналардан  қазақ өнері мен музыкасының құндылығы  және халық әндерінің бүгіні мен болашағы туралы әңгіме-сұхбат өткізіп, «Телқоңыр», «Айтуға оңай», «Астарлы ақиқат» бағдарламасының  «Таныссыз танылғандар» айдарында көгілдір экран арқылы өнерсүйер қауыммен сан мәрте жүздесті.   

Көмейіне бұлбұл құс ұя салған, қазақтың жезтаңдай, күміс көмей, қоңырау үнді әншісі Исағұлова Ағайша Шермұхам-бетқызының ел алдындағы еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің құрметті қызметкері , Қазақ өнерінің қайраткері,  Ескелді ауданының Құрметті азаматы!

Кейінгі жылдары республика, облыс ,аудан, қала деңгейінде «Көкпар», «Шарық-та елім!», «Әуелетіп ән салсақ,сырнайменен!» «Жол-Ғұмыр»  атты концерттік бағдарламалары мен қайырымдылық шараларын, шығармашылық өнер кештерін өткізіп жүрген Ағайша апамыздың гастрольдық сапары  өткен аптада Балқаш жұртымен қауышып, елін  әнімен сусындатып, сырнай сазына бөлеп қайтты. Осындай бір бойынан сан өнер жарасым тапқан, парасат әлемінің әсемдігін паш еткен, өнер көгінің жарық жұлдызы, болмысы бекзат, сан қырлы сахна саңлағы атанған, ардақ тұтқан елінің ақерке Ағимасы – Ағайшасы Шермұхамбетқызы Исағұлованың  өміршең өнеріне орындарынан тік тұрып, қоше-меттеп, қол соққан Балқаш елі көңілі кемерінен шалқыған теңіздей толқып, ыстық лебіздері мен ақ тілегін жүрек кептерінен ұшырып, бақ тілеп жатты.

 

Зәуреш ДЕМЕУҚҰЛОВА, «Қазақстанның Құрметті азаматы», Әлем Халықтары Жазушылар одағының мүшесі.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР