Мен Нарынқол өңірінде дүниеге келдім. Бар балалық шағым өзімнің туған ауылымда өтті. Нарынқол орта мектебінде білім алдым. Бас-тауыш сынып оқып жүргенімде бір күні біздің мектепте қазақ халқының мақтанышына айналған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен кездесу өтті. Менің әкем Әбдірасыл Адамзатұлы педагогика саласына еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз болған. Мен білім алып жүрген сол мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатын-ды.
Кездесу кеш аяқталып, үйге барғанда әкем менен «Қызым не түсіндің!» деп сұрады. Мен болған жайдайды баяндап бердім. Әкем маған ақын жайында көптеген маңызды мағұлматтар беріп, ақынның өлеңдерін жаттап жүру ақынға деген құрмет екенін түсіндірді. Сол сәттен бастап әкемнің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жаттап өстім.
Кейіннен бойжетіп, Балқаш ауданына қарасты Көктал ауылына келін болып түстім. Той-думан, жиындарда жас кезімде жаттаған өлеңдерді айтатынмын. Көкталда тұрғанымда Ә. Ахметов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмакүл Елшібаева жыл сайын 9 ақпан күні Мұқағалидың туған күніне орай өткізілетін іс-шараларға мені шақыратын. Осы жерде ақынның «Үш бақытым», «Мен таулықпын», «Өкінбеймін» және «Арыз жазып кетейін», «Қайран жеңгеме» атты өлеңдерін жатқа айтып ауылдастарымның құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген кездерім әлі есімде. Мені ауылдастар «Мұқағалидың қарындасы» деп айтатын. Өйткені сол ауылдағы ақынның жалғыз ғана жерлесі болдым. Көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Кейіннен оқушылар арасында өткізілген жыр мүшәйраларда әділқазы алқасының мүшесі болып та мектепте қоғамдық жұмыс атқардым. Кейіннен Іле ауданына қоныс аудардым. Кей кездері сол ауылда жүрген кездерімді ойлап, ел-жұртымды сағынып, қызықты оқиғаларды еске алып, жүрген жерімде оларды айтып жүремін.
Қазірде Мұқағалидың өлеңдерін жатқа айтамын. Жыл сайын ақынның туған күні қарсаңында барлық өлеңдерін ішімнен бір қайталап шығамын. Бұл менің ақынға деген құрметімнің бір парасы деп білемін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатар болсам, қазіргі оқушылар ұялы телефонға үңіліп, мүлдем кітап оқымайды. Ақындардың өлеңдерін жаттамайды. Сондықтан ата-аналар осыны қолға алып, балаларының ақындардың өлеңдерін жаттап жүруіне, әдеби кітаптарды көп оқуына ықпал жасаса деген ойдамын.
Гүлжан СҰЛТАНҚҰЛОВА, зейнеткер.
Іле ауданы.