АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ - ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

download.jpg

Ел үшін маңызы зор саяси науқан - Президенттің кезектен тыс сайлауына Қонаев қаласының тұрғындары да белсене қатысып жатыр.

Облыс бойынша 606 сайлау учаскесі болса, соның 33-і Қонаев қаласында. Қала бойынша 248 маман қызмет көрсетуде. Қауіпсіздік ережелері де ескерілген. Әр учаскеде полиция қызметкерлері кезекшілік етуде. Облыс орталығындағы 45516 сайлаушылары бар 29 ашық, 4 жабық сайлау учаскесі таңғы сағат 7.00-ден бастап сайлаушыларды қабылдай бастады.

Таңғы сағат 9-00-де облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде орналасқан №949 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Бұл учаскеде 1737 адам тіркелген.

– Бүгін өз азаматтық борышымды орындау үшін сайлауға келіп, таңдауымды жасадым. Жалпы, биылғы сайлау ерекше өтуде. Мен мықты экономиканы, тұрақты ішкі саясатты, Қазақстанның халықаралық аренада беделді болуы үшін дауыс бердім, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге, облыс әкімі сайлау науқанында Алматы облысы тұрғындарының белсенділік танытып жатқанын атап өтті.

№ 949 сайлау учаскесінің төрағасы Анар Басшыбаеваның айтуынша, сайлауға қатысушылардың қарқыны жаман емес. Таң бозынан басталған науқанға бір сағаттың ішінде 60-қа жуық адам келіп, дауыс беріп үлгерген.

Алғашқылардың бірі болып аталған сайлау учаскесіне ардагерлер кеңесінің мүшесі Амангелді Керімбеков келді.

«Мен бүгін еліміздің болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Халқыма тек тыныштық тілеймін. Ұрпағымыз қиындық көрмей, бейбіт заманда өмір сүрсе екен деймін. Жастарымыз елді әлемге танытсын. Даусымды елімнің тыныштығы үшін бердім. 79 жастамын, Қонаев қаласында екінші рет сайлауға қатысудамын», – деді ақсақал. Оған № 949 сайлау учаскесінің өкілдері бірінші болып келгені үшін сый-сияпат табыстады.

Таңғы сағат 8-ге дейін алғаш рет дауыс берген тағы екі азамат тіркелді. Соның бірі облыс орталығының тұрғыны 18 жасар Ақнұр Асхатқызы. Ол алғаш рет ҚР Президенті сайлауына қатысып отырғанын, сайлауда жастардың барынша белсенділік танытып, болашақ үшін дұрыс таңдау жасаса екен деген ізгі ниетін жеткізді.

«Бүгін мен үшін ерекше күн. Ерте келіп, өз таңдауымды жасадым. Анам мен әпкем де дауыс берді. Бұл еліміздің әр азаматының міндеті деп санаймын», – деді сайлау учаскесіне келген Алмас Бекжан.

Бұл учаскеде 6 байқаушы отыр. Соның бірі Нұрболат Шәкірғали «Baqyla» қоғамдық қозғалысының өкілі екенін және бұл науқанда ешқандай оғаш қылық байқалмағанын және бәрі заң аясында өтіп жатқанын айтып өтті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қонаев қаласы

Алматы облысы



Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр