«Ақын-елдің ардағы, ақын болу кейбір жанның арманы» десек, киелі жеріміздің қасиетті топырағынан аты алты Алашқа әйгілі көптеген ақын-жазушылар түлеп ұшқан. Жүрегі жырға толы ақындардың қаламынан туындаған жыр-дастандар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мирас болып келеді.
Байырғы ақындардың ізін жалғаушы, жыр жазуды жанына серік еткен ақын жандар бүгінде арамызда жетерлік. Солардың бірі ақдалалық ақын Сердалы Сабыров. Ол өзінің жүрегінен шыққан жауһар жырларын жинақтап, жақында баспа бетінен кітап қылып шығарды. Осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық кітапханада Сердалы Сабыровтың «Өз өмірім, өз тағдырым» атты жыр жинағының тұсауы салтанатты түрде кесіліп, оқырмандар назарына ұсынылды.
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне алыстан ат арылтып арнайы келген қонақтарда аз болмады. Бақ дарыған Балқаш өңіріндегі жайдарман жаңалыққа куә болған құрметті қонақтарды атап айтар болсақ, «Алаш» сыйлығының иегері, Алматы облысының және Ескелді ауданының Құрметті азаматы, ақын Сайлаубай Тойлыбаев, ауданның Құрметті азаматы, Халықаралық жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Сағидолла Сиқымбаев, «Жалайыр» қоғам-дық бірлестігінің төрағасы Қажымұхан Ибрагимов, Іле ауданының Құрметті азаматы, Байсерке ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Қазақстанның Құрметті азаматы» Құрманғали Кенжеғұлов, Талғар ауданының Құрметті азаматы Мұқан Халықов және Сердалы Сабыровтың бауырлары Білімтай Түменбаев, ауданға танымал кәсіпкер Зейнетулла Кәрібаев келіп қатысты.
Ауданға арнайы атбасын бұрған құрметті қонақтар алдымен өз сапарларын Бақанас ауылындағы аудандық тарихи-өлкетану музейін аралаудан бастады. Аталмыш музейдің директоры Ахмет Басшыбаев қонақтарды қуана қарсы алып, музей ішіндегі құнды жәдігелермен таныстырып шықты. Ахметтің мәнерлеп айтқан әрбір сөздеріне құлақ түрген қонақтар өздерін қызықтырған жәдігерлер жайында сұрап, естелік суретке түсті. Бәрінен де оларды қатты қызықтырғаны Д.Қонаевқа арналған бөлмедегі Дара тұлғаның тіршілігінде пайдаланған дүниелерін көріп, бір марқайып қалды. Осы сәтті орайлы пайдаланған ақын Сайлаубай Тойлыбаев Димаш атаға арнап жазған өлеңін оқыды. Бұл тарихи сәтке куә болып тұрғандардың жүректері елжіреп қошеметтерін еселей түсті. Мұнан соң құметті қонақтар аудан әкімдігінің ғимаратының жанында орналасқан Д.Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Димаш атаның рухына тағзым жасады.
Келесі кезекте жиылған көпшілік Сердалы Сабыровтың жыр жинағының тұсауын кесу үшін аудандық кітапханаға бет алды.
Салтанатты шараға арнайы шақырылған қонақтардың бас-аяғы жиналып, мәре-сәре болған сәтте көп күттірместен аудандық кітапхананың қызметкерлері жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін бастап кетті.
Адам жанына рухани азық сыйлайтын, тәрбиелік мәні зор кеште сөз сөйлеген қонақтар Сердалы ақынның жан-дүниесі лирикаға толы екенін айтып, жүрегін жарып шыққан жауһар жырлары жинақталған «Өз өмірім, өз тағдырым» атты кітабы оқырмандарға ұнайтыны жөнінде өз тараптарынан кәміл сенім білдірді.
Мәдени шара барысында Ақдала орта мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа айтса, аудандық Мәдениет үйінің әншілері Айбын Батырбаев пен Гүлмира Қасабекова және Саз мектебінің оқытушыларынан құралған «Бақанас» квартеті әннен шашу шашып, әдеби кешті әсерге бөледі.
Өлең жазуды өміріне серік еткен ақынға құрмет көрсету барысында Сағидолла Сиқымбаев бастап келген қонақтар, Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері мен мүгедектерінің «Ардагер» республикалық қоғамдық одағы атынан Сердалы Сабыровты «Құметті ардагерлері» ерен еңбегі үшін меделімен марапаттады. Сонымен қатар Ақдала ауылдық округ әкімі Нұрбол Нарбаев ауыл тұрғындары атынан ақынға құрмет көрсетіп, иығына зерлі шапан жапты.
Сердалы Сабыровтың жыр жинақтары топтастырылған кітаптың тұсаукесер рәсімін қорытындылаған аудандық ішкі саясат, Мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Сәлімжанова мен «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Күмісбек Ербаев ақынның тырнақ алды кітабының тұсаукесер рәсіміне жиналған көпшілікке Алғыс білдіріп, ауданымыздан осындай ақындар шыға берсін деген тілектерін жеткізді.
Шара соңында ақын ағамыз арнайы сөз кезегін алып, алыстан аттерлетіп келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізген аудан әкімдігіне және аудандық кітапхананың ұжымына, сонымен қатар осы шараға атсалысқан жақындарына рақметін жаудырды.
Осылайша Сердалы Сабыр-овтың жыр жинағы жазылған «Өз өмірім, өз тағдырым» атты кітаптың тұсауы кесіліп, қалын оқырманға жол тартты.
Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,
«Балқаш өңірі».