БІЛІМДІ ҰСТАЗ – ІЗГІЛІК БАСТАУЫ
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Мәжіліс отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге айтқан сөзін тыңдап, алабұртқан көңілім саябыр тапты. Олай дейтін себебім, жыл басында Жаңаөзенде бастау алған бейбіт шеру, халықтың қымбатшылыққа қарсы наразылығы үлкен қақтығысқа, атыс-шабысқа ұласып, бейбіт тұрғындар, құқық қорғау саласы мен қарулы күштердің құрамында жүрген азаматтарымыз құрбан болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев содырлар Алматыдан кейін елді басып алуы мүмкін болғанын айтты. «Біздің елге қарсы лаңкестік соғыс басталды. Жау тым қатыгез болды және кез келген қадамға баруға дайын екенін көрсетті. Қарсылық туралы ойды басу үшін халық арасында қорқыныш тудырды. Жоспар бірқатар бағытты қамтыды: әскери, саяси, идеологиялық, жалған ақпарат және тағы басқа дайындықта кәсіби мамандар жұмыс істеді. Алматыны бақылауды толығымен жоғалтып, Алматыны жоғалтқасын астананы, содан кейін бүкіл мемлекеттілігімізді жоғалтып алуымыз мүмкін еді», — дей келе Қ.Тоқаев дер кезінде лайықты шешім қабылдау нәтижесінде үлкен төңкерістің алдын алғанын мәлімдеді.
Дүрбелеңге толы бір аптаның ішінде ел болып жанымызды шүберекке түйіп, «Ертеңіміз не болады?» деп алаңдап, татулық пен тыныштықтың қадірін түсіндік. Мемлекет Басшысы жағдайдың толық бақылауға алынғанын, елге бүлік салушылардың құрықталып жатқанын айтқанда, өскелең ұрпақтың, қарапайым халықтың бейбіт күнге оралып, емін-еркін жайлы да тыныш өмір сүретініне сенім артып, жанымыз жадырап қалды. Бізді елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақталып, бағаның шарықтауын ауыздықтап, теңгенің құлдырауын тұрақтандыру мақсатында көптеген шаралар қолға алынғаны қуантты. Сонымен қатар, Президентіміз «Мұғалім – мектептің жүрегі» екенін айта келіп, мұғалімдердің білікті де білімді болып, өз ісінің шебері болуы керектігін ескертті. Себебі, ел болашағы жас ұрпақтың білімді болуы, тәрбиелі болып өсуі ең алдымен үйдегі ата-анаға байланысты болса, одан кейін ұстаздың берген білімі мен тәрбиесінің бала жүрегінде ерекше орын алатынын Қасым-Жомарт Кемелұлы баса айтты. Иә, біз, ұстаздар қауымы, өз ісімізді адал атқарып, әрбір балаға еліміздің ертеңі деп қарайтын болсақ, өскелең буынның халық үшін қызмет ететін азамат болып қалыптасуына өз үлесімізді қоса алсақ, мемлекеттің беріктігіне үлес қосқанымыз деп білемін. Сол себепті, әріптестерімді атқарып жатқан жұмыстарына салғырт қарамай, ұстаз атына кір келтірмей, мұғалім мәртебесін төмендетпей, адал қызмет етуге шақырамын. Қазақтың лирик ақыны, ұлттық педагогиканың негізін қалаушылардың бірі Мағжан Жұмабаев өз сөзінде «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» — деген еді. Халқымыздың біртуар азаматтары мен даналарының ұлағатты сөздеріне құлақ асып, халықтың бізге артқан сенімін ақтап, шәкірттерімізге лайықты білім беріп, ел игілігі үшін біліміміз бен күш-жігерімізді сарп етуге дайынбыз. Осы орайда, мектебімізде «Жетінші мектептің жеті жобасы» атты жобалар кешені қолға алынды. Осы жоба аясында біз оқушыларға тек білім беріп қоймай, патриоттық, отансүйгіштік тәрбие берумен қатар, мектебіміздің жас мамандарына да әдістемелік көмек пен жас ұстаздардың білікті маман болып қалыптасуына жағдай туғызу үшін көптеген шаралар қолға алынып жатқанын атап өткім келеді. Расында, әрбір мектепте осындай игі істер қолға алынса, жастарға қолдау білдірілсе, жас ұрпақтың білім мен тәрбиені егіз қозыдай қатар меңгеруіне мүмкіндік жасалса, еліміз өсіп-өркендеп, дамыған елдердің қатарына қосылатынына сеніміміз мол.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы» — деген еді. Білімді ұстаз – ізгілік бастауы екенін ескерсек, жақсы мұғалімнен дарынды шәкірт тәлім алып, жақсы мектеп көрген бала жақсы мемлекет құрайтын азамат боларын естен шығармайық! «Итің жаман» десе өкпелейтін қазақпыз ғой!!! Олай болса, бізден білім алып, өнеге көріп, «ұстазым» деп құрметтеп, төрден орын беретін шәкірттерімізге лайықты білім беріп, үлгілі ұстаз болып, ел мерейін асқақтатайық!
Зохида ТУРЕХОДЖАЕВА,
№7 орта мектептің директоры