ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Алтынай СЕЙТКЕН, «Балқаш өңірі».
Биыл ел тәуелсіздігіне мерейлі 30 жыл толды. Аз ғана уақыт бедерінде Қазақстан әлем мойындаған алпауыт мемлекетке айналып, бүкіл әлемдегі қуатты елдер қатарынан орын алды. Міне, сондықтан да тарихи оқиғалар тоғысқан бұл күн-біз үшін қасиетті де қастерлі тарихи күн ғана емес, сонымен қоса бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған ата-бабаларымыздың жанқияр ерлігі мен жаужүрек батырлығын еске алатын, өткен тарих қойнауынан тағылым беретін қастерлі мереке.
Еліміздің торқалы тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы ауданымызда да жоғары деңгейде аталып өтті. Осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов өңірдегі мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, халықтың тұрмысы осал топтарына, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне аудан орталығынан бой көтерген 20 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйдің кілтін табыстады. Сонымен қоса, аудан басшысы киелі өңіріміздің өсіп-өркендеуі жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтарға «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне-30 жыл!» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Салтанатты шара аудандық Мәдениет үйінде концерттік бағдарламамен жалғасты. Мерекелік шараның шымылдығын түрген аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Тоқпейісов Ғалым Қасымұлы өз сөзінде: «Тәуелсіздік - дәуір мен уақыттың бізге берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат, асқан құндылық жоқ.
Ширек ғасыр бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатымен дүйім дүниеге тәуелсіздігімізді жария етіп, мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық» дей келе, арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған Ұлы дала елінің ұлық мерекесі, елдігіміздің тұмары - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен барша балқаштықтарды құттықтады.
Бұдан соң аудан басшысы Мырзағали Абилдаев, Саятай Сейсенұлы, Оралхан Карибаев, Бахтығұл Шалимбетов, Бақытбек Рахымбаев және Қанат Жеңісбек сынды азаматтарға «Ауданның Құрметті азаматы» атағын беріп, «Желтоқсан оқиғасының» куәгерлеріне де арнай сыйлық табыстады.
Сондай-ақ мерекелік шара барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Әбдібаев Нарымбет Тұлғабайұлы - «Жыл жол құрылысшысы», Қонысбаев Нүркен Исатайұлы - «Жыл табиғат қорғаушысы», Мақұлов Жеңіс Жақсылықұлы - «Жыл құрылысшысы», Садырбаева Ойлан Әскербекқызы - «Жыл тәртіп сақшысы», Көбегенова Дидар Сейфоллақызы - «Жыл дәрігері», Бекенова Қарлығаш Нұрабайқызы - «Жыл мәдениет қызметкері», Сабанбаев Айхан Берікұлы - «Жыл құтқарушысы», Қайсар Ермек Қайсарұлы - «Жыл спортшысы», Нығатов Досжан Нұрахметұлы «Жыл аграномы» атанса, «Жыл мектебі» номинациясын Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясы жеңіп алды.
Ал, «Жыл ауылы» байқауының қорытындысына келер болсақ, жүлделі І-ші орынды Көктал ауылдық округі иеленсе, II-ші орын Ақжар ауылдық округіне бұйырды және ІІІ-ші орын Жиделі ауылдық округі м а р а п а т т а л а д ы.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздары мен Сүйінбай атындағы облыстық филармония оркестрінің концерттік бағдарламасымен жалғасын, балқаштық тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.