АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ БАЛЫҚ ШАБАҚТАРЫН ЖІБЕРДІ


DSC_0152.JPGDSC_0163.JPG

Ерте заманда желмаясымен желіп жүріп жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыз Жетісу жерін аралап келе жатып, біздің өңірге келгенде қырағы көзімен байтақ даламызға қарап тұрып: «Пай-пай,  неткен жер десеңші? әр бұтасының түбі бір асым ет екен, жеті жұт келсе де айналып өтетін байлығы тұнып тұрған шұрайлы мекен екен» деген екен.

Расында да бәріміздің кие тұтып, қастерлейтін мекеніміздің бар байлығы - көркем табиғатты мекендеген аң-құсы мен судағы балығы. Ата-бабаларымыздан бізге мұра болып жеткен жер байлығы-бүгінгі таңда мақтанарлық дәрежеде болмай тұрғаны да жасырын емес.Ащы да болса бұл шындық. Кейінгі жылдары  Іле өзені мен айдынды Балқаш көлінде балық қоры күрт азайып, бұрынғы жылдармен салыстыруға келмей тұрған жайы бар. Өйткені, аудан көлеміндегі балық аулаумен тұрақты  айналысатын балық шаруашылықтары жылына бірнеше тоннадан балық түрлерін аулайды. Жылына аз-кем көлемде ғана балық шабақтарын жібергендігі болмаса, ал аулаған балық көлемі одан едәуір көп екені де рас. Өзен-көлдердегі балық қорының өсіп-көбеюіне ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздап жүрген жоқ.

Көптен бері осы мәселені қолға алуды жоспарлап жүрген Жиделі ауылының тұрғындары осы аптаның сәрсенбісі күні өз қаражаттарына «Шелек» балық шаруашылығынан арнайы келісім-шарт арқылы 20 000 дана балық шабақтарын сатып алып, төменгі Бәйменей өзеніне жібергендігінің куәсі болдық. Ал, төменгі Бәйменей өзені Балқаш көліне құйылатын Іле өзенінің үлкен сағасының бірі. Өзгелерге үлгі болатын игі бастаманы қолға алған аталмыш ауыл тұрғындары алдағы уақытта да өзен-көлдерде балық қорын көбейту мақсатында осындай шараларды өткізуді дәстүрге айналдыратындарын   жасырмады.

«Жас келсе-іске» демекші, жақында ғана ауылдық округ әкімі болып сайланған Азамат Алтынбаевтың бастамасымен әрі мұрындық болуымен осындай сауапты іс қолға алынды.  Ауыл тұрғындарын аталмыш іске жұмылдырған  ауылдық округ әкімі Азамат Әскербекұлы жұмыстың жүйелі өтуіне басшылық жасаса, Төменгі Іле балық инспекциясының бас маманы Айдархан Мырзалы балық шабақтарының өзенге жіберілу заңдылығын бақылап тұрды.  Аталмыш іс ауыл тұрғындарының қатысуымен жоспарға сай аяқталып,  бұл іске үлес қосқан жандар бір марқайып қалды.

Ауылдық  ақсақалдар  алқасының төрағасы Шыңғыс Байсыновтың айтуынша,  бүгінгі таңда жіберілген 20 000 дана балықтың- 10 000 данасы ақ балық, 5000 данасы дөң маңдай және 5000 данасы  карп шабақтарын  құрайды.  

Ауыл тұрғындарының мұндай әрекетке бару себебін: кейінгі жылдары өзен-көлдерде балық қоры күрт азайып, табиғаттағы флора мен фаунаның тепе-теңдігі  сақталмай бара жатқанымен түсіндірді. Олар жіберілген шабақтардың алдағы үш жылдан соң өз жемісін беретініне кәміл сенімді.

Осындай игі шараны аудан көлеміндегі өзге де шаруашылықтар мен ауыл тұрғындары  ұйымдастырып, бір күндік пайда үшін балық аулаудың жойқын тәсілдерін қолданбай, керісінше  жас шабақтардың жетілуіне ықпал етсе, өзен-көлдердегі балық қорының молая түсетіні сөзсіз.

                                                                                                                                                                                                                 Бақтығали Дәуітбаев, "Балқаш өңірі".

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр