Тұманда кімнің оты жылтырайды

Шатқал жақтан созалаңдай көтерілген түтінді алдымен сержант Сейітов байқап қалды.

– Түтін, жолдас лейтенант, – деп сыбырлады ол.

– Қайда? Көрмей тұрмын, – лейтенант ештеңе байқар емес.

– Әне, анау шыршаның артында.

Табиғат манаурап жатыр. Таудың іші салқын, аңғар бойын қуалаған суық жел бар.

Офицер тау белдеуіндегі шұбатылған сұрғылт тұман жаққа ұзақ үңілді.

– Жоқ, көріп тұрған жоқпын. Саған елестеген болар?

– Қалай көрмейсіз, жолдас лейтенант! – сөзіне сендіре алмаған шекарашының даусы жарықшақтанып шықты...

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуді бұйырамын». Шекара заставасының бастығы оң қолын шекесінен түсіріп, барлық шекара нарядын мұқият қарап шықты. Наряд жабдықталған қару-жарақтар реттеліп, аттардың қанжығасына байланған.

Шекара бөлімшесіне келгеніне көп өтпесе де лейтенант Шухрат Сакаров тау етегінде тұрған зас­таваның барлық учаскесін аралап үлгерді. Мұнда дабыл кешені орнатылмаған, сондықтан шекара қызметі классикалық үлгіде болатын. Шекара бұзушыларды тау ішіне жасаған барлау-із кесу кезінде іздейтін. Міне, бүгін де жаңа мәлімет түсті. Таудың бір түкпірінде көрші елдің «шақырылмаған қонақтары» жүр.  Шекарашылар уақытты босқа кетіріп жатпады, құрамында бес аттылы топ заставаның бақылау мұнарасы жанынан өтетін ернеуі кең соқпаққа түсіп, тауға аттанды. 

Жас офицердің жанында бейнебір тырнақтарымен тұғырын бүрген қаршығадай қаздиып, ер-тоқым үстінде қатып қалған застава байланысшыларының командирі сержант Таңат Сейітов, қызмет итінің жетекшісі Владимир ­Винокуров, атбегі Эрик Нұржановтар келеді. Шекарашылармен бірге алыс жолға тәжірибелі ерікті жасақшы, жол бастаушы, жергілікті шаруашылықтың малшысы Марат Нұрпақов та бірге шыққан. Осыған дейін ондаған шекара бұзушыны ұстауға көмектескен шекарашы ит Сара да арсалаң қағып, аттылармен қатар келеді. Арасында аттың үстінен өзіне қол созған жетекшісіне еркелеп, секіріп қояды. Мұндай тәсілге Владимир оны заставаға келген кезде үйретіп қойған болатын. Жаттығулары босқа кетпепті, қажет болғанда қысқа бұйрық берсе жетіп жатыр, ит аттың шоқтығына жайлы отыруға  дайын.

Қажетті заттар мен бірнеше күнге деп қамдалған азық-түлік артылған аттар ауыздықтарын қарш-қарш шайнаған қалпы аяңдап келеді. Мамыр айының соңы, төңірек көкорай шалғынның көптігімен қуантса да ауада салқындық бар. Бұл аз дегендей, шекарашылардың жолға шыққандарына бір сағаттай уақыт өткенде жаңбыр да сіркірей бастаған. Сондықтан жауынгерлер үстіне киген мақталы камуфляж күртешелері су болмас үшін лейтенанттың бұйрығымен өздерімен бірге алып шыққан химиялық қорғанысқа арналған резеңке плащтарын жамылып алды.

Шатқал төріне өрлеген сайын жүрістері де қиындай түсті. Бірнеше рет таудың атқақтаған өзенін сауырдан кешіп өтулеріне тура келді. Енді бір жерде күдірейген жалама жартастың желкесіне ентігіп шықса, ирелеңдеген соқпақпен лоқылдап еңіске қайта түседі. Мүлт кетсе болғаны, төмендегі күркіреген, дауысы күншілік жерге жететін тентек өзенге ат-матымен күмп ете қалулары кәдік еді. Әйтсе де, шекараның қызметіне әбден төселген жауынгерлер де, аттар да сыр алдырмады.

Сөйтіп, ондаған шақырымды артқа қалдырған шекарашылардың алдынан ағаштан қиып салынған бірнеше үй тізілген жазық та көрінді. Лейтенант бастаған барлау-із кесу тобы осында тоқтап, біраз дамылдап алған соң өздерінің шекара бұзушыларды құрықтау операцияларын қайта жалғастырды.

Сарбаздардың уақытша постқа келуін күтіп тұрғандай, жаңбыр сап басылды да іле күннің көзі көрініп, бақбақтардың сары көздері ашыла бастады. Бұл кезде еңбекқор аттардың ауыздығы алынып, айылдары босатылған. Таудың мықты қарағайынан қиып салынған қоржын үйшіктің төбесіне шекарашылардың жасыл-көк жалауы көтерілді. Рация арқылы заставамен байланысқа шыққан Таңат топтың межелі жерге келіп жеткенін баяндады. Бұл кезде Эрик пен жол бастаушы кез келген сарбаз үшін маңызды саналатын түстік астың қамына кірісіп кеткен болатын. Біраздан кейін өздерінің негізгі тапсырмаларын орындау үшін тауды жобалап, жотаны жалдап, тағы да тау соқпақтарымен жоғары көтерілу басталады.

Ымырт түсе лейтенант ­Сакаров алдағы сапарға сержант Сейітов пен қатардағы жауынгер ­Винокуровты өзінің итімен дайын болуды бұйырды.

Шекарашылар асығулары қажет еді. Сондықтан жазық пен таудың арасын бөлген өзеннен өтіп алған соң аттардың тізгінін осында қалып бара жатқан атбегіге тапсырды. Белгіленген уақытта немесе офицер белгі берісімен суды кері кешіп өтулері үшін ол аттарды осы жерде дайын ұстап тұруы керек болатын.

Автоматпен қаруланған үш адам және ит соқпақпен жоғары кетті. Осы сәтті күтіп тұрғандай, жаңбыр да қайтадан шелектеп құйып берсін. Таудың осындай шамшыл екенін білетін шекарашылар тоқтап, ықтасын жер іздеуді тіпті ойларына да алған жоқ. Өздерінің учаскелерінде шақырылмаған қонақтар жүр. Сондықтан әрбір минут қымбат.

Осы екі арада маңайды қараңғылық құшағы тұмшалап алды. Нөсердің астына қалып, үсті-бастары малмандай су болғанына қарамастан, жүрістерін жалғастыра берген офицер мен қос сарбаз биіктеген сайын қыстан қалған іздерге кездесе бастаған. Кейбір жыраларда сынған ағаштар мен қар араласқан мұз үйінділері жатыр. Мұның барлығы – қысқы көшкіннің іздері. Қазіргі кезде қар қатқан, ондаған келі салмақты көтерердей. Қар көшкінінің ені елу-жүз метрге жетеді. Төменгі жақта гүрілдеп ағып жатқан суға дейінгі аралық бес метр.

– Осы қалпымен жаздың ортасына дейін еріп кетсе, – деді Таңат өзінің командиріне қуанышты үнмен, – жақсы болады.

Табиғаттың шеберлігіне таңғалып тұруға шекарашылардың уақыты жоқ еді. Өздерінің әбден шаршағандарына қарамастан, бірнеше шақырымнан кейін алдарынан кездесетін алаңқайға жеткенше асыққан. Таудың таз биігінде жаңбырдың астында қалу қауіпті. Сондықтан алаңқайға жеткен бойда бұзылған вагонды паналады. Мұнда айлатып жаңбыр жауса да, тамшы өтпейтін жер секілді көрінген...

Нөсер қалай тез басталса, басылуы да сондай тез болды. Сосын түтілген жүн секілді шудаланған бұлттар бейнебір «демалып болсаңдар, енді іздеулеріңді жалғастырыңдар» дегендей күркіреген қалпы қырды асып кете барды.     

Алаудың түтінін сержант ­Сейітов бірінші болып байқады.

– Володя, итпен осында қаласың, ал біз әрі қарай кеттік, – деп бұйырды офицер.

Шыршаны қалқалаған лашыққа жақын жерде от жағылыпты. Іздегендері алдарынан шыққанын түсінген шекарашылар дымқыл тартқан қылқан жапырақты ағаштың түбіне жата қалды. Жан жоқ секілді, бірақ мұндағы алау, оның айналасындағы брезент күрткені еске түсіретін зат олардың осы маңда екенін айғақтап тұр еді. 

– Мүмкін орманшылар болар? – деп күдіктенді сержант.

– Олар мұнда не істейді? – деген офицер сарбаздың бұл ойымен келіспеді. – Түн суық, аттар да көрінбейді. Жоқ, мүмкін емес.

– Бақылауды жалғастырамыз, – деп ішінен шешті Сакаров. – Лашыққа ойланбастан жетіп баруға болмайды, мүмкін онда адамдар көп болар, ал біз екеуміз ғана.

Ол сержантқа: 

– Жақынырақ барайық, – деп сыбырлады.

Осы кезде қалың ағаштардың арасынан шыға келген бір адамды көріп, орындарында қатып қалды. «Кім ол? Не киген? Оның ішінде не бар?». Дегенмен лейтенантты мазалаған сауалдардың жауабы жоқ болатын. Қараңғылық пен көмескі сұлба. Алайда осы кезде лейтенант белгісіз адамның да сақтана қалғанын байқады. Ол бір минуттай тың тыңдап тұрды да лашыққа қарай беттеді. Тау өзендерінің шуы бөтен дыбысты естіртпеген. Белгісіз адам мұнан кейін де лашықтан шығып, қайта  кіріп тыным таппады. Осыған қарағанда мұнда одан басқа ешкім жоқ секілді. 

Лейтенант Таңатқа лашыққа әлі де жақындай түсу керектігін ыммен білдірді. Бірақ мұны істеу сержантқа қиынға соққан еді. Шекара бұзушылардың баспанасы бұл кезде айқұлақтана ақтарылып жатқан өзеннің екінші жағасында тұрған. Бұл шекарашыларға кедергі келтірген. Әрине, қойтастардың бірінен соң бірін аттап өтуге болар еді, бірақ мынадай жағдайда мұндай қадамға бару – өте қауіпті. Өзеннің жағасына тым жақын барған сержант бетіне бүріккен суық судың тамшыларын сезді. Бір секундтай аңтарылып тұрды да, сосын батыл шешім қабылдады. Автоматын арқасына асынып алып, өзі арғы бетте болып жатқандардан көзін алмаған күйі шыр айналған ақкөбік иірімдерге түскен Таңаттың суықтан тістері сақылдап қоя берді. Сонда да алға қарай өршелене ұмтылған ол бір-біріне міңгескен шомбал тас­тарды қалқалаған күйі судың арғы бетіне жеткенше жүрісін тоқтатқан жоқ. Міне, ол бақылау объектісінде, лашық қол созым жерде. Бірақ үсті малмандай су болған шекарашының суықтан денесі қалтырап барады. Бір жақсысы, әзірге алға жүрудің қажеті жоқ, әйтпесе денесінің дірілі мен сақылдаған тістерінің дыбысын шақырылмаған қонақтар естіп қойған болар еді.

Бұл кезде Шухрат Сакаров сарбазының әрбір қимылын қалт жібермей бақылап жатқан. Бірақ бір сәтке көзін жұмып, қайта қарағаны сол еді, сарбаз орнында жоқ болып шықты. «Қайда кетті?» – деген қорқынышты ой миын осып өтті. «Суға құлады ма? Бірақ судың шолпылы естілген жоқ». Осы кезде өзеннің арғы бетіне өткен Таңаттың сұлбасын көріп, көңілі орнына түскен лейтенант сарбазының айласын бірден түсінді. «Жарайсың, Таңат!». Риза болған офицер қаруын ұстаған күйі сарбазының соңынан жөнелді. Осының бәрін ол сенімді түрде жасады.

Міне, лашыққа небәрі екі метр жетпейтін жерде үсті-басы су екі адам жатты. Қатты жаурағаннан екеуінің де денесінің дірілдері басылар емес. Алайда олардың жылынып, сосын іске кірісулеріне уақыт тым тапшы еді.

Осы кезде лашықтан біреулердің дауыстары естілді. Орысшаға да, қазақшаға да ұқсамайды. «Сөйлесіп жатыр, демек жалғыз емес, – деп бірден байлам жасаған Шухрат. – Қанша адам? Екеу ме, үшеу ме? Әлде көп пе?»... Осы кезде шекарашылардың «ескі» танысы да лашықтан бірнеше мәрте шығып үлгерген.

Сонда барып оның қытай екені белгілі болды. Өзінің қайта-қайта кіріп-шыққанына қарағанда мұнда өздерінің төрт көздері түгел емес секілді. Олар тағы біреуді күтіп жүр. Демек әрекет ететін уақыт келді: мыналарды құрықтау керек, сосын қалғандары. Осы жерде Сакаров өзін ұстап бере жаздады, орнынан көтеріле бергені сол еді, лашықтан бақылаушы шыға келмесі бар ма? Олардың арасын небәрі бірнеше метр ғана бөліп тұрды. Лейтенант құрғақ бұтақтарды сындырған күйі қайтадан орнына жата қалды, алайда қытай бұған аса мән бермеген сыңайлы, ол жақын жердегі шыршаның басына өрмелеп шықты.

«Қонақтың» түсіп, лашыққа қайта кіргенін бірнеше минуттай күтіп жатты да, сосын Сакаров сержантқа белгі берді. Сол-ақ екен Сейітов алаудың бір жағынан, лейтенант екінші жағынан шыға келді. Сосын екеуі де бірдей лашықтың ішіне кіріп барды.

– Қолдарыңды көтеріңдер! Жерге жатыңдар!

Орманның «қоныстанушылары» күтпеген жерден пайда болған қарулы адамдарға аңтарыла қарасты. «Бұл не? Бұл кім? Не айтып жатыр? Не қалап тұр?» Бірақ өздеріне бағытталған «Калашников» қаруы олардың есін тез жинатқан. Шекара бұзушылар үшеу болатын. Біреуі лашыққа жабылған жапырақтарды баса-көктеп қашуға ұмтылды. Бірақ сержант сақ болатын, ол қашқынды аяғынан шалып құлатып, қолын артына қайырып үлгерді. Мұндай көз ілеспес шапшаңдықты күтпеген қалған екеуі қарсылық көрсетпей берілген.

Офицер шартты дабыл беруі мұң екен, қалың ағаштың арасынан Винокуров иті Сарамен атып шықты. Енді ол құрықталғандарды күзетуге тиіс болатын, ал нарядтың қалғандары жылынып, кептіріну үшін жалынсыз оттың айналасына жайғасты. Шухрат тіпті өзінің бәтіңкесі мен нәскиін шешіп, тоңған аяқтарын отқа жақындата бергені сол еді, тосын жағдайға тап болды. Шамасы, «аңшылық» мұнымен бітпесе керек.  Бұтақтың сынған дауысы естілді де, арқалап алған қапшығы бар бір адам лашыққа қарай ентелеп келе жатты. Ол әзірге өзіне құрылған қақпанды сезбеген еді.

Лейтенант жалаң аяқ қалпы өзінің отырған жерінен атып тұрып, автоматын кезене қойды.

– Таста! – деді ол бәсең дауыспен. – Қолыңды көтер!

Өзінен не талап етіп тұрғанын бірден түсінген қытай қапшығын сол заматта жерге тастай салып, қолын көтерді. Сөйтіп, қолы артына байланған төртінші шекара бұзушы да өзінің тағдырластарына қосылды.

Жауынгерлерімен кеңескен ­Сакаров күн шыққанша осында қалуды шешті. Қаруластарына қарағанда, киімдері құрғақ әрі біраз демалып үлгерген Винокуров күзетке қойылды. Шекарашы мен оның иті үстерінен төніп тұрған жартастардың біріне көтеріліп, көзден ғайып болды. 

Владимир өзінің «командирлік» сағатына қарады: олар түнгі үшті көрсетіп тұр. Өзінің бүйіріндегі төрт аяқты досының жылуын сезген ол бұрылып түн астарына үңілді. Төменде күркіреп жатқан өзеннің үніне құлақ түрді. Бірақ арыны қатты судың сарылы өзге дыбысты естіртер емес.

Мүмкін содан болар, осы кезде пайда болған бесінші қаскүнемді қолынан шығарып ала жаздағаны. Шекарашыны байқап қойған қытай лагерьде не болғанын түсінсе керек, таяқпен қаруланған ол кинологке тұра ұмтылды. Төмендегілер шуды естіп қойды. Әлі жалаңаяқ жүрген лейтенант енді өзінің сарбазына көмектесу үшін қаруын иығына асына салып, төбеге қарай жүгірді. Алайда бұл кезде қарулы шекарашы мен ырылдаған итке өзінің күші келмесін түсінген шекара бұзушы қоян-қолтық ұрыстан бас тартып, қолындағысын жерге тастаған болатын.  

Таңға дейін алаудың маңына қайтып ешкім келген жоқ. Күннің шеті көрінісімен, марал мүйіздері салынған қаптарды арқалаған шекара бұзушылар үш автоматтың нысанасына «байланған» қалпы шекарашылардың уақытша постына қарай қозғалған. Қыстан қалып қойған қардың үстімен тайғанақтаған топ өзен өткеліне жеткенше екі сағат өткен. Аспанға қарата атылған екі оқтың дауысын естіп, қалың ағаш арасынан екі атты жетектеген шекарашы атбегі мен ерікті жасақшы да шыға келген. 

Шекара бұзушылардың заттарын тексерген шекарашылар тауда тағы бір мүйіз терушінің қалып қойғанын түсінді.

Келесі түні оның артынан лейтенант Сакаров аттанды. Ол өзімен бірге көмекке қатардағы жауынгер Винокуровты иті Сарамен және М.Нұрпақовты алды. Қалған жауынгерлер «тұтқындарды» күзетіп қалды. Олар заставамен байланысқа шығып, тамақ дайындаумен айналысты.

Жер жағдайын жақсы білетін жол бастаушымен кеңескеннен кейін Сакаров басқа шатқалмен жүруді шешті. Өздерінің ешкім жоқ, қаңырап бос қалған тұрақтарын көріп, шошынған қытай сол жақта болуы мүмкін. Бұл кезде желмен қосылып, суық жаңбыр да себезгілей жөнелген. Бәрібір шекарашылар түтіннің иісін сезіп қойды. Сол жаққа тездете жүгірген шекарашылар көп өтпей сөнуге айналған алаудың үстінен түсті. Айналаны адақтап шыққан еді, нәтижесіз болды.

– Демек, оны осында күтеміз, – деді командир.

Шекарашы офицер қателеспеген еді. Бірнеше сағаттан кейін олар қап арқалаған шекара бұзушыны көрді. Дегенмен әзірге оны ұстауға асықпады. Ол жалғыз болмауы да мүмкін. Десе де таңға дейін созбау­ды шешкен. Бір сөзбен айтқанда, қалың ұйқының құшағында жатқан шекара бұзушыны иығынан жұлқып оятқан шекарашы:

– Тұр орныңнан! Қолыңды көтер! – деп бұйырды.

Таңертең барлық әскери қызметші мен ерікті жасақшы шекарашылардың жасыл-көк жалауының астына сапқа тұрды. Енді топтың әрбір мүшесі самалмен тербетілген жалауға қарап, оның бекерден-бекерге көтерілмегенін түсінді. Тапсырма орындалды, және қалай орындалды десеңізші?!

– Бүгін қандай күн? – деп сұрады күлімсіреген лейтенант.

– Жиырма сегізінші мамыр, – деп жауап берді Сейітов.

– Ендеше, сіздерді ескі Шекарашылар күнімен құттықтаймын, жолдас жауынгерлер. Сыйлық жасамаймын. Сендер оны өздеріңе жасадыңдар.

Шекарашы офицер өзінің сарбаздарымен сөйлесіп жатқанда өзеннің арғы жағындағы төбеден бірнеше атты көрінді.

– Жолдас лейтенант, – деді жақындап қалғандарды нұсқап көрсеткен Винокуров, - біздікілер, көмекке келе жатыр.

– Тамаша! – деді сарбазы көрсеткен жаққа бұрылған офицер, – ұсталғандарды сыртқа шығар, үйге қайтамыз.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр