Ойшы

ТАНЫМ

 

3990242.jpg

Ойшы

 

Ертедегі қазақ қоғамы мен қауымдастығында  қуатты өндіріс орындары жұмыс істемеген.  Істемек тұрмақ иісін де сезінбейтін. Соған қарамастан патшалық билік құрған  дәуірдегі ұлан байтақ даланың көшпенділері жерінің   тұтастығы  мен елдігін сақтап, экономикалық тұрғыдағы қуатын нығайтуға өзіндік үлестерін қосудан қалыспаған. Бұл бағытта негізінен қазақтың ірі байларының қажырлы еңбегімен  ірі табыс иелері атанғаны, сауда саласында   үлкен рөл  атқарғандығы тарихтан белгілі. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін  табанақы, маңдай терімен молшылыққа кенеліп, дәулеті тасыған, байлығымен атақ-даңқы жер жарған  ірі тұлғаларды бай-құлақтар, феодалдар атандырып, оларды үстем тап өкілдері ретінде жазықсыз жапа шектіріп, жөн-жосықсыз кінәлап,  мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жазалап,  итжеккенге айдағаны әлі күнге  ел есінде. Мұның өзі  Кеңес өкіметінің көпе-көрнеу жасаған құйтырқы әрекеттері мен қиянатқа толы қиянкестік   екенін сол кезде білсек те үстемдіктің үркітуінен сескенгендіктен ешкім де жұмған аузын ашпай,  көнбістік пен төзімділік танытуға лажсыз мәжбүр болғаны айдай шындық  екені ешкімге құпия  да бола   қоймас.   Мәселен,  осы әңгіменің арқауы еткелі отырған төменгі Іле – Балқаш өңірінің дәулетті байы атанған Ойшы Майасарұлы шаруасын ұршықтай шырқ үйіріп, моншақтатып  маңдай терін төгіп жүріп ырысын селдей тасытып, есепсіз ырғын  ырзыққа кенеліп, төрт түлігін түлетіп, шаруасын  шұрайландыра білген  адал еңбектің қойторысы  болғаны айдай ақиқат.  Ол басқаларға  үстемдік жүргізерліктей  билік   тізгінін ұстамаған тұлға.  Тікелей шұғылданған ісін таза әрі адал атқарып, ырыс-құтын ырғын еткен шаруа шонжарының нақ өзі деуге лайықты қатардағы қарапайым  адам.

 

Төрт түлігін түлетіп өсіріп,  малын ірі базарларға шығарып, Жібек жолының бойында сауда-саттық қозғалысын жандандырып, алыс пен берісті ұдайы   жалғастырып отыруды  тоқтатпаған керуендердің арасында  осы Майасарұлы  Ойшы сынды  шонжар байлардың да бар екендігі  жасырын жайт емес. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерде  ұзақ жылдар болыстық тізгінін ұстаған Жәлменде мен Пышанның байлығы  Ойшының байлығының ширегіне де теңесе алмайтын еді дейді білетін көнекөз қариялар. Оған нақты мысал ретінде мынаны айтады: Ойшының төрт түлігінің көптігі сондай, базарға сатуға айдатқан малының алды Ташкент шаһарына жеткенде, арты ауылдан қаптай өріп шыға бастайды-мыс.    Бұл, бәлкім, асыра айтылған шығар десек те  деректі дәйекті нақтылай түсетін және бір дәлел мынадай: «Ойшы қойшысын, қойшысы Ойшысын  танымайды» деген тәмсіл де тектен-тек айтылмаса керек. Бұл сөздің Ойшы қотанында  есепсіз  қыруар мал болғандығын дәлелдеуге орай айтылғаны, ел  жадында жатталып қалғаны  белгілі. Қалай айтсаң солай айт, ол халық сөзі.

Бұл тұжырымымызға және бір нақты салыстырма да бар. Ақсу өңірінің атақты байы  Тұрысбек қажы Маман әулетінің тұқымдары ғана халықаралық базарларға 20-30 мың ірі қара малын, 150 мың қой айдап барып саудалайтын болған. Ол кезде  Ташкент, Әндіжан, Әулиеата, Қоянды, Қызылжар сияқты үлкен базарлардың жәрмеңкелері қанша мал келсе соншасын түгелдей қабылдап алуға сақадай сай   тұрған. Ойшы баймен қанаттас Жетісу өңірінің танымал  саудагері Шаяхмет Апсаматов та қатардан қалыспай жәрмеңкелерде 110-120 мыңнан астам   қой мен 20 мыңға жуық ірі қара малын саудалаған көрінеді.

Ойшы осыншалықты асып-тасқан байлыққа қалай қол жеткізді? Осы сұрақтың жауабы,  меніңше, біреу-ақ.  Дана Абай айтқандай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегеннің нақ көрінісін Ойшының тірнектеген тірлігінен барынша толық аңғарасыз. Кішкене кезінен атасы Баянбай мен  Майасар әкесінің малсақ  жандар екендігін көзбен көріп, көңілге түйіп өскен бала Ойшы да шаруашылық кәсіпке  қаршадайынан құмарлық  танытып,  пысықтығымен білек сыбанып еңбек етіп өскен түлек.

Білек қары еңбекпен қатайған Ойшы әуелден  жөн-жосықсыз шығынға жол бермеген. Есепшілдігімен несібесін еселеп арттыруға машықтанады. Молшылыққа өзі ғана белшесінен батып рахаттанып, масайрап мастанбайды. Малшы-жалшыларының өнімді әрі алаңсыз еңбек етуін ұдайы  назарында ұстайды. Тұрмыстық жағдайларына қамқорлықпен қарайды. Ішім-жемін шектемейді. Қытымырлықпен ешкімді қисынсыз қыспаққа алмаған. Кеңпейілділік танытудан танбаған. Мұқтаж жандарға жәрдемдескен. Қажетінше қаражатпен де қарасқан. Мініс көлікпен де қамтамасыз етіп отыр­ған. Кедейшілікке ұрынғандарға сауын сиырын беріп, қазығына байлаған.  Аймақтағы ел-жұрттың жоғын түгендеп, тапшылыққа кезіккен кедейлерге  сауын мал беріп, тұрмыстық жағдайын оңалтуға қолғабыс-жәрдемін көрсетіп  отыр­ған.  Қарызға мал алғандардан, сауын сиырын сауғандардан келісім бойынша өсім алуды  да қалт жібермеген.  Сауын малының сүтін,  май-құртын ішіп-жеп,   қарызға алған тұяқтарын қайтаруды талап етіп, тұрмыстарын түзегендерден  тиісті мөлшерде өсім  салығын алғандығы  үшін Ойшыны өсімқор, пайдакүнем шонжар  атандырады. Ал шындығы солай ма? 

Шынтуайтына келсек, Ойшы  пайда табудың әдістері мен тәсілдерін жетік меңгерген есепшіл адам болған. Оның талабы  қазіргі дәуірдегі нарық жүйесіне толықтай сәйкес  келеді әрі  үндесіп те жатыр деуге әбден лайық. Демек, өсімқорлықпен байымаған.  Маңдай терін төгіп, адал еңбегімен бағып-қағып өсірген,  төрт түлігін  көбейтудің оңтайлы жолын табу жолында жатпай-тұрмай әрекеттенген.    Бүгінде әр еңбек адамынан  табыс салығы алынады. Ойшы заманында өсім салығы өндірілген. Кеңес өкіметі алғаш үстемдігін жүргізе бастаған тұста  қазақ халқының ірі тұлғалары шіріген бай, ірі феодал, бай-шонжардың өзі деген желеумен алды итжеккенге айдалып, абақтыға тоғытылды емес пе?! Былайша айтқанда, жазықсыз жазаланды. Шын мәнінде сол бай-шонжарлардың не жазығы бар? Олар ешкімнің мал-мүлкін зорлықпен,  не үстемдікпен тартып алған жоқ. Қорасына түсіп, өрістегі түліктерін ұрыларға айдатып алып, байыған емес. Қазіргідей жемқорлықпен  құлқынын  қалай толтырамын деп алашапқын әрекетке бармаған пенде. Аянбай адал еңбек етуді мұрат тұтқан шаруақорлар. Төрт түлігін түлетіп өсірген малсақ жандар.  Байтақ жердің беткейлеріне үйірлі жылқысын, отарлы қойын, табынды ірі қарасын өргізген. Жайылымдарын жаңалап, түлік санын төлі есебінен көбейтуді көздеген. Ешкімнен,  еш мекемеден несие-қарыз алмай-ақ жемшөбін әзірлеген. Қоражайын ерте қамдаған. Мал өрістерін ретті пайдаланып, жайылымдарын жақсартып, жаңалап отыруды да естен шығармаған.   Жылдың төрт мезгілінің ерекшеліктерін күні бұрын ескеріп, шаруасын ықтияттап, кем-кетігін түзеп, мықтап қымтаған. Малды шығынға ұшыратпаудың тәсілдерін ертерек қарастырған. Соның нәтижесінде мал басы түлеп өсіп-өніп, тұяқ саны  көбейген.   Мыңғырған бай атанған.  Молшылықта өмір сүріп, еркін ішіп-жегенін жасырмаған.  

Ойшы малын баққандарға мезгілімен еңбекақыларын төлеп, қолайлы жағдай туғызды.  Қазір де банктен, Үкімет тарапынан несие алатын болсаң оның өсімі пайызбен есептелінеді емес пе?! Ойшының да қолданғаны осы тәсіл. Абай сөзімен айтқанда  «Бекер босқа мал шашпаққа» бармаған. Шаруасын шырайлы да шұрайлы етуге күш салудан танбаған. Оның игілігін көрді. Ірі байлар қатарына қосылғандығына ол айыпты ма?  Олай деу­ге ауыз бармайды. Ойшы шын мәніндегі шаруа шонжары екендігін  білек күшімен, берекелі ісімен дәлелдеген адам.                                                                                                                       * * *

Ойшы Майасарұлы халық мүддесін қорғауға да белсене  атсалысқан  тұлға. Оның мән-мағынасы мынада: Сонау 1867 жылы Сырдария мен Жетісу аймақтарын басқарудың уақытша ережесі қабылданады. Қазақ даласы губернияға, уезге, болыстыққа бөлініп, басқа да билік жүргізудің тәртіптері орныға бастайды. Осыған орай Жетісу губерниясы құрылады. Қапал уезіне қарасты Қаратал болысының әкімшілік бағынысына  Іле–Балқаш бойын қоныстанған аймақтар да қамтылады. Келе-келе Балқаш көлінің оңтүстік шығыс беткейіндегі Іле өзенінің қос алқабында тіршілік еткен елге шалғайдағы Қапалға қатынау үлкен қиындықтар тудырады.  Жердің шалғайлығы, жолдың ұзақтығына мініс көліктері шыдас бермей, орта жолда  болдырып қала  берген. Тіпті  жаяу-жалпы жүруге мәжбүр болатын кездер де жиі ұшырасады. Ішінара адам шығындары да кезіккен. Екі аралықта  көлік қатынасының орнатылмағаны, жол бойындағы елді мекендердің  сиректігі, су тапшылығы аралас-құралас болуды қиындата түскені анық еді. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы патша өкіметінің басқару жүйесінде елеулі өзгерістер орын алып, отарлау саясаты тамырын кеңірек жая бастаған шақ еді. Темір қыспаққа түскен қазақтардың еңселері түсіп, тұрмыстық жағдайлары құлдырап, ауыртпалықтар   дендей түскен-ді. Оңтүстік Балқаш өңірінде өмір сүріп, есімдері ел-жұртына танылып, болыстықтың істеріне араласа бастаған Тілеуғұл Тілеубайұлы, Жәлменде Дәуітбайұлы, Ойшы Майасарұлы, Смайыл Тәжібайұлы, Сүндетбай Смайылұлы және басқалардың  төңірегіндегі ел-жұртты  ауызбірлікке, ынтымаққа шақырып, ел мен жерді тоздырмаудың, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын әлсіретіп алмаудың   қарекеттерін ойластырып, көкейкесті ойларын іске асыруға құлшына кіріскен шағы да осы кезең еді.

Осындай қолайсыздықтар мен қиындықтардан қалай құтылудың жолын қарастыру мәселесі туындайды. Соған орай Іле–Балқаш аймағын өз алдына жеке болыс­тыққа бөліп,  әкімшілік-басқару жүйесін қайта құрғанда ғана  қиындық тұманы сейілетіні күн тәртібіне қойылады. Бұл мәселені ортақ мүддеге орай оңтайлы шешуге өңір тұрғындарының өтінуімен аймаққа асқан байлығымен танылған Ойшы Майасарұлы барынша батыл кіріседі. Ол  Қапал уезін басқарып отырған Жәлменде болысқа  барып, Іле мен Балқаш бойындағы елдің жағдайын баяндап, халықтың  арыз-шағымдарын жеткізіп, қолбайлау болып отырған тосқауылдардан құтылудың дұрыс шешімін табу үшін  шалғайдағы  аймақты өз алдына жеке болыс етіп құру қажеттігі жөнінде ұсыныс жасайды.

Қапал өңірін қамтитын Оңтүстік Балқаш болысы екі мыңнан астам шаңырақты құрайтын. Билік жүргізіп отырған аймағының бір бөлігін уысынан шығарып алса, алым-салықтың кеміп кететіндігін, басқа да қосымша түсімдердің азайып  қалатындығын ойлаған Жәлменде болыс Іле бойын жеке бөлуді  көңілі қаламайды. Ұзақ жылдар бойы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген Іле –Балқаш аймағын өз алдына болыс етіп  бөлуге байланысты Ойшының өтінішін  мұқият тыңдағанымен іштей құп көрмегендіктен қанағаттанарлықтай  жауап  бермейді.       Ел-жұрт мүддесін қорғайтын ұсынысына  тиянақты жауап  ала алмаған Ойшы  елдің игі жақсылары мен ақсақалдарын,  еті тірі, сөзі ширақ  белсенділерінің басын қосып, мәселені дұрыс шешу тұрғысында өзара ақылдасады. Елдің тағдырына, халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарауға болмайтынын алға тартқан Ойшы «Жеңгенімді халқым білсін, жеңілгенімді   қалтам білсін» деген тұжырымды берік ұстанып, мақсатына жетудің жолдарын іздестіріп, тынбай әрекеттенеді. Қалай еткенде де  Іле – Балқаш бойындағы ел-жұртты жеке болыс етіп  бөлдіртуге білек сыбана кіріскен Ойшы  намысын найзағайдай жарқылдатып айтқанынан қайтпауға бекінеді.  

Осы кезеңде Верный уезі бастығының көмекшісі болып қызмет атқарған Константин Иванович Петров  Қапал уезінің басшысы болып тағайындалады. Ояздың әйелі Клавдия Семеновна Быкова  бесінші баласы Александр есімді ұлын дүниеге әкеледі. Ойшы сәбилі болған оязға және  оның  жары Клавдия Семеновнаға құтты болсын айтуды сылтауратып арнайы баруды әрі осы жолғы сапарында  Іле – Балқашты жеке болыс етіп бөлуді өтіну  жағын  ойластырады. Қандай да бір бағалы  сый-сияпат жасау керектігін қарастырып, ой үстінде жүргенде өңірдің Құйған жақ аймағындағы бір  ауылда ағаш шебері болып істейтін екі жігіттің  жолбарыс күшігін асырап отырғандығынан құлақтанады. Оязға бұдан артық сыйлық болмас, жолбарыс күшігін тарту етейін деген тұжырымға бекінген  Ойшы ағайынды жігіттерді әдейілеп  іздеп барып, олармен бәтуаласып, сұраған құнын төлеп жолбарыс күшігін алуға келіседі.   Ойшы екі жігітке төрт түліктің әрқайсысынан  тоғыз байлатқан мал беретін болып келіседі. Жолбарыс күшігін  асыраушы жігіт уәделі малды алған соң  барып Ойшыға жолбарыстың жас күшігін тапсырады.     

Ойшы ұста-шеберлерге  өрнекпен әшекейлеп күміс тор жасатып, күшікті генерал-губернатор мен  әйелі Клавдия Семе­новнаға тарту етеді. Көздеген мақсатына жету үшін ояздың жаңадан босанған әйелінің баласына көрімдікке деп мыс-мыс ақша  да ұсынады. Ұзынағаш, Бішкек, Әулиеата базарларына ғана емес, Ташкент пен Әндіжан жаққа да мал айдатып, олардағы салт-дәстүрлерді көріп-біліп жүрген сұңғыла Ойшының аққудың  кіл бауыр жүнінен жасалған  ақ мамық құс төсекті ала барғаны ояздың да,  оның  сүйікті жарының да ризалық пейілдерін еселей түседі.

Құрметті қонағы  Ойшыны мұқият тыңдаған ояз  Константин Иванович Пе-т­ров  кеңпейілденіп, Іле бойындағы  Байшегір елін Қаратал болысынан бөліп, жеке шаңырақ көтеруіне игі ықпал жасауға  сөз байласады. Осылайша ояздың да, оның сүйікті жарының да көңіл хошын тапқан Ойшы өзінің өзекті мәселелерін тездетіп шешуге үлкен мүмкіндік алады. Уәжді келісім бойынша көп кешікпей Жетісу губерниясының Қапал уезіне қарасты Қаратал болысынан Іле мен Балқаш көлінің оңтүстік шығыс беткейінің ел-жұрты  жеке болыстыққа бөлініп, шегарасы белгіленіп, Төменгі Іле – Балқаш  болысы болып құрылады.

Ендігі мәселе жаңадан құрылған Іле-Балқаш  болыстығын кім басқарады? Ұйымдастыру қабілеті күшті кім бар? Қандай азаматты таңдаған дұрыс? Осындай сауалдар туындайды. Бұл мәселені  шешу үшін ауыл ақсақалдарымен,  ел ішіндегі ықпалды адамдармен ақыл-кеңес құрып, ұсыныс-пікірлерін  қорыта отырып, білікті, ықпалды, сөзі өтімді, іскерлік қабілеті бар азаматтарды іздестіру мақсатында жан-жаққа сұрау салып, таңдалып, іріктелгендермен бетпе-бет әңгімелер өткізіп, кімнің кім екендігін саралайды. Ел пікірін тыңдайды. Болыстықтан үміткерлікке  іріктелгендер де біршамаға жетіп жығылады.  Олардың  ортасында Жалайыр  Байшегір бабаның бел баласы Жиенбеттен өрбіген Мыржық атадан тарайтын Смайылдың ұлы Сүндетбай да бар еді. Оны Ойшы да қолдайды. Болыстыққа лайықты бірден-бір адам осы  болар деп түйген Ойшы шаруаның ыңғайы келген бір жолы  Сүндетбайды  Қапал уезінің оязына ілестіріп апарып, жеке таныстырады. Ауыл молдасынан оқып, хат танып сауатын ашқан,  оң-солын аңғарып, кісілік келбетін қалыптастыра бастаған ұзын бойлы, қимылы ширақ, қырғи көзді балаң жігіт Сүндетбайдың алғырлық қабілетін, жанарының жарқылын бірден байқаған,  ояздың да, әйелінің де көңілдері толып, ризалық кейіп танытады. Ойшы ояздан жаңадан құрылатын Іле – Балқаш болыстығына ұсынылған жиырманың бел ортасындағы Сүндетбайдың кандидатурасын  тіркеуді  өтінеді. Ояз қарсылық білдірмей, болыстық сайлауға  Сүндетбай Смайылұлының  кандидат болып түсуіне келісімін береді.

Билікпен келіссөз жүргізіп, бір тоқтамға келген  Ойшы нөкерлерін соңына ертіп Шыбықты көлінің жағасында жаз жайлауға шыққан Сүндетбайдың әкесі Смайыл байдың ауылына арнайы келеді. Қонақтарды жылы шыраймен төрге жайғастырып, құлын сойып, кең дастарқан жайылады.

Алқалы басқосуда беделді бай Ойшы сөз бастап:

– Смеке, осындағы елдің талап-тілектері ескеріліп,  төменгі Іле бойы өз алдына жеке болыс болып құрылды. Оған қуанып жатырмыз. Әңгіме  төркіні осы  жаңадан құрылатын аймақты басқаратын  еті тірі адам таңдауға келіп тірелді. Біршама іздестірдік те. Үміткерлер де көп-ақ. Ары ойлап, бері ойлап, көңіл безбенімен таразы­лау барысында  ұлыңыз Сүндетбайды болыстыққа лайықты үміткер  болар деген тоқтамға келдік. Оны өзіңізге айтып, ақылдасқалы, түбегейлі кесімді пәтуаға  тоқтағалы келіп  отырмыз, –  дейді шаруаның шетін шығарып. 

Ойшыға тіке қараған Смайыл:

 –  Ойпырай, бұл өзі күтпеген жағдай болды-ау, ә. Балам буыны бекігенімен кісілік келбеті толық қалыптаса қоймаған шақта ғой.  Үлкен жауапкершілік үдесінен шығып, міндетін  атқарып кете  алар ма екен? Ел тізгінін ұстау оңайлыққа түспейтін  жұмыс. Оған көпті көрген, істе  ысылған адамды іздестірген дұрыс болар, бәлкім, –  деп  қипақтап  екіұдай тіл қатады. Осы тұста қонақтарға шай құйып, арагідік көпшіліктің  әңгімесінің ұзын-ыр­ғасына  құлақ түріп отырған Балқия:

– Отағасы, басқа қонғалы тұрған бақты қолдан ұшырғалы отырмысың? Жөн сөзіңді айтпайсың ба одан да? Оған илікпесең, кесімді билікті  айтуға маған рұқсат бер. Сізге сегіз ұл туып бердім. Бәрі де Жаратқан иемнің  шарапатты жақсылығының арқасы, тартуы мен  сыйы.   Сіз де, Құдай да маған бір ұлымды қияр. Сүндетжаным  биліктің төңірегінде атқосшы болып жүруге жарайтын болса, оны ел-жұрт қалап отырса неге тартыншақтаймыз? Баланың  бетін қақпайық. Қанаттансын. «Жас өспей ме, көкейіңді теспей ме?» деген бар. Халық сенім білдірер болса алдына тосқауыл қойғанымыз жараспас, отағасы-ау! Ел үмітін ақтауға қызмет етсін деп тілеуін тілейік те қадамы құтты болсын деп  ақ батамызды берелік, – деп көпшілікке  жайдарлана қарайды.

Ойшының да, оған ілескен жақсы-жайсаңдардың да күткені осы еді. Ана сөзін көпшілік қолдап, тиянақты шешімге бір­ауыздан келісіп, Сүндетбайдың болыстық сайлауға түсуіне ақ жол  мен сәттілік тілейді.

Оңтүстік Қаратал болысынан бөлінген төменгі Іле – Балқаш елін  басқаратын болыстыққа  осылайша ояз алдында  қысылып-қымтырылмай сөз сөйлеген өжет жігіт  Смайылұлы Сүндетбай сайланады. Осы Іле–Балқаш болысын сайлаудың қорытындысын жариялаған, архив қорынан алынған  Қапал уезінің №433  іс қағазында атап көрсетілгеніндей «Болыстыққа талас, ағайын мен ру арасындағы дау-дамай тіптен өршіді.  Жаңадан құрылған  Іле–Балқаш болыстығына болыс болуға дәмелілер аз емес еді. Алдына мыңғыр­ған мал біткен 2-ші гильді көпес атағы бар Ойшы Майасарұлының беделі мен байлығы бәрінің жолын кесіп, оның өзі ұсынған кандидат – жиырма бес  жас шамасындағы  Смайылдың Сүндетбайының сайлаушылардан 31 шар жинап, болыс тізгігін қолға алғаны» жайлы баяндалады.  Осылайша шонжар бай Ойшы  Майасарұлының тікелей қолдауымен  өзінің өткірлігімен, айтқан сөзінен қайтпайтын өжеттігімен таныла бастаған жас жігіт Сүндетбай Смайылұлы болыстыққа сайланған соң  елдің бірлігін, татулығын сақтауға күш салады. Жетім-жесірлер мен нашарларға қарайласады. Әлсіздер мен дәрменсіздердің мүддесін қорғаған әділ болыс ретінде танылады. Бірақ та Сүндетбай болыс  өзіне қамқорлық жасап, шыр-пыр күй кешіп жүрген болыстық билікке ұсынып, оған  қолын жеткізген  Ойшыға  қырғиқабақ қарап, оны «өсімқорсың» деп кінәлап, араға дүрдараздықтың сынасы қағылады. Сүндетбайдың халықтан  жиналатын алым-салықты азайтқанын, кейбіріне тыйым салғанын, өсімпұл алуына тыйым салғандықтан түсер пайдасының азайғанын Ойшы секілді бай-манаптар қаламаған да,  қолдамаған да. Ойшы Сүндетбайға  іштей қабақ шытып, реніш білдіргенімен биліктегі ісіне кедергі келтірмеген. Қарсыласып қағыспаған. Сабыр­лылық ұстанымын нық  сақтау дағдысынан  ауытқымаған.

Дәулеті асқан Ойшы Майасарұлы байлығы асып-тасығанымен  елге жақсылық жасауға келгенде шікірейіп шіренбеген. Күрделі істің күрмеуін шешуге әрдайым  білек сыбана кірісіп, қаражатын да аяп  қалмаған. Халық қамына қатысты қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысатын болған. Оның нақты бір дәлелі,  Ресей империясы 1897 жылдың қаңтарында өздеріне бағынышты аймақтарда халық санағын өткізуді жоспарлайды. Шара кешіктірілмей қолға алынып, жұмыс қызу басталып кетеді. Мұндағы басты нысаналы мақсат  – ауылдарда қанша отбасыларының тұрғандығы, қанша адамның басқа жаққа қоныс аударғандығы, жаңадан  кімдердің қосылғандықтары, олардың қыс қыстауы мен жазғы жайлаулары, көктеулері мен күздеулері, мал-мүліктері  санақ қағазына толық қамтылуы қатаң бақыланады. Бұл шарадан Қапал уезі де тыс қалмайды. Шұғыл пәрмен жетіп, халық санағын алуды қысқа мерзімде аяқтау міндеті қойылады. Аталмыш санақтың ойдағыдай әрі тиянақты өтуіне белсене қатысқандар  марапаттауға ұсынылады. Іле – Балқаш болысы бойынша 1897 жылдың 4 желтоқсанында Ойшы Майасарұлы, Смайыл Бәжібай, Қойшығұл Досбатыр қола медальдармен марапатталынады. Оны уезд басшысының өзі табыстаған. Ойшы  Майасарұлы бастаған Балқаш аймағы белсенділерінің медальдарды алғандықтары жөнінде қолдарын қойған құжаттар  архив қорында сақталған.

Майасарұлы Ойшының отбасында тоғыз бала тәрбиеленіп, ержеткен. Олар – Әшембек, Қасымбек, Көбеш, Бертай, Қосшыбек, Бекежан, Садықбек, Сүлеймен  және Өзбек. Осылардың ішіндегі еті тірісі әрі белсендісі Әшембек болса керек. Ол әкесінің беделі арқасында 1906 жылғы 20 қыркүйекте  өткен сайлауға Іле–  Балқаш болыстығына үміткер ретінде  қатысып, 26 жасында  басым дауыспен болыс болып сайланады. Онымен тайталасқан  ордабұзар отыз жастағы Сүндетбайдың інісі Ниетбай жеңіліс тауып қалғанымен  болыс кандидаттығына ұсынылып, бақталас­тық бәсі бәсеңсімей, биліктен қол үзгісі келмеген сыңай танытып, наразылығын ішке бүгеді. 

Әшембек болыстық міндетті атқарған 1907-1908 жылдары  Қойшығұл Досбатыров, Қалқа Байбеков, Байбек Шегіров, Денгелбай Күзембаев, Көбен Тілеуқабылов, Сандыбай Байбатыров, Әжібай Тасыбеков, Қапақ Майасаров, Берке Алшанов, Байғазы Қасабаев, Бейсенбай Каршагин сынды белсенділер  ауыл билері болып тағайындалып, өздерінің біліктілік дәрежелеріне қарай  адал жұмыс істеуге бекінеді.  Алайда, болыстық тізгінді ұстаған Әшембек  әкеден қалған төрт түлік ырыс-құтының молшылығына мастанып әрі әулетінің өсіп-өнгендігін алға тартып бұқара қауымға тізесін батыруға бейім тұрады. Оған наразылық білдірген  ауыл азаматтары Шәкей Мырзабеков, Мажра Тастанбеков, Қожай Бөрібаев  Іле – Балқаш болыстығына қарасты  672 түтін атынан Қапал оязына шағым-арыз түсіреді.  Осыдан бастап Әшембектің  басына бұлт үйіріледі. Аяқ алысын аңдып, кем-кетіктерді  тізбелеушілер қанатын жаздырмай еңсесін басып,  жаныштап тастау әрекеттерін толастатпайды. Үстінен жазылған  арыздарды тергеп-тексеруден  көз ашпайды. Ақырында  қызыл жендеттердің қолына түскісі келмеген Әшембек  қашып кетудің айласын жасауға мәжбүрленеді. Төрт жыл бойы жасырынып, бұқпантайлап бассауғалайды. Қашқын да атанады. Ізін бағып, тың-тыңдап аңдушылар қоярда-қоймай жүріп 1932 жылы  Әшембекті қызылдардың баскесер жендеттеріне  ұстап береді. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Қандай жазаға, қанша жылға  кесілді, ол жағы да  беймәлім.

Үш жылда бір  өтетін 1913-1915 жылдар аралығындағы болыс сайлауында Іле –Балқаш болыстығына Сүндетбай қажы Смайылұлы қайта ұсынылады. Оның бәсекелесі болып Ойшының баласы Көбеш түседі. Тартысты өткен бұл сайлауда Сүндетбай жеңіске жетеді. Әшембек бастаған Ойшының балалары  болыс­тықтан үміттеніп, малдарын шашып шығынға батқанымен ойлары іске аспайды. Әшембек пен Қосшыбек сайлау қорытындысы бойынша ауыл билері болып тағайындалады.

Ойшының баласы Әшембек бастаған, сегізінші ауылдың  жерлес жігіттері қош­таған  17 адамы бірлесіп, болыс Сүндетбайдың Алмалы тоғайындағы Төтенше билер съезіне кеткенін пайдаланып, зорлықпен 30 сиырын айдатып әкетеді. Сапардан оралған Сүндетбай бұл басынғандыққа шарт кетіп, уезд басшысына шағымданады. Ауыл арасындағы дау-дамайды өршітуге  жол бермей, жөн-жосықты сілтеп, ақыл-кеңес беріп отырады деген  билердің бұл әрекетіне  ояз да қатты ширығады.  Ойшы балалары басынан сипай қоймайтын пиғылын танытып,  қаһарына мінеді. Аста-төк байлық иелеріне  басу айтпастан, шағымды қарауды Ташкент қаласындағы Түркістан Дала генерал-губернаторына қарай сілтеп, істі тергеп-тексеруді, қорытындысы бойынша жазалауды соларға міндеттейді. Көп ұзамай  істі қараған губернатор, Ойшы балаларын астамшылдыққа барғаны үшін кінәлап, Көбешті де, Әшембекті де ауылдың биі қызметінен босату жөнінде қолма-қол бұйрық шығарады. Шағымды тексеру кезінде  қыр қазағына қамшы үйіргендігі, болыстың заң талаптарының аясына сыймайтын әпербақандыққа барғандығы анықталған. Бірақ қандай әкімшілік шара қолданылғаны жөнінде еш нәрсе айтылмайды. Соған қарағанда істі ымырашылдықпен  тоқтатқан болар деп топшылаймыз.

Майасарұлы Ойшы  тұрғысындағы ой толғамды тұжырымдай айтқанда ол  «байыдым, толдым-болдым, дәулетім асты-тасты» деп кеуде кермеген. Кісілік келбетін көркейтіп, Іле – Балқаш өңіріндегі халықтың жағдайына жанашырлық,  қамқорлықпен қарап, кейбір күрделі де өзекті мәселелерді шешуге  барынша белсене араласқан  халық өкілі. Еңбегінің арқасында береке-несібесін шалқыта білген  шаруа  шонжары атанған байсалды, бірегей тұлға. Шындығының өзі де солай. Оған дау айтушылар да табыла қоймас деп ойлаймын.                                                                                       Әли ЫСҚАБАЙ,

Қазақстан Республикасының еңбек

      сіңірген қызметкері,

     Алматы облысының

Құрметті азаматы


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр