Мыңдаған жылдық тарихы бар қазақтың, бодандықтың бұғауынан бұзып, егеменді ел болуды көксеген ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман- аңсарының жүзеге асқан ақиқаты, барлық Қазақстандықтар үшін теңдесі жоқ қасиетті құндылық, ел Тәуелсіздігіне қол жеткізгелі 30 жыл болды. Осы жылдар ішінде мемлекет құрудың таңғажайып жолынан, сындарлы сатыларынан сүрінбей өткен еліміз, әлемдік деңгейдегі өркениетті елдің қатарынан лайықты орын алып, мызғымас бірліктің үлгісіндей, ұлықтауға тұрарлық ұлы міндеттерді атқарып, толымды табыстарға қол жеткізді.
«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деп, ұлы ғұлама Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ел іргесі нығайып, егемендігімен еңсесін биіктетіп, Тәуелсіздік жылдарының жемісіне бөленген 30 жыл – бүгінгі жастардың тарихтың өткенінен тағлым алып, бүгінінен ой түйіп, бақытын бағалауды ұғынған кемелді кезең болды деп айта аламыз. Осы орайда, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш көшбасыларының бірі, Шоқан Уәлихановтың «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген ойлы сөзі еріксіз еске оралады. Біз – Шоқан айтқан қажеттіліктерге қол жеткізген азат елміз, білім алуға жан-жақты толық мүмкіндігі бар халықпыз!
Азат еліміздің қарыштап дамуы тек қана экономикамыздың ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік саланың да өркендеуіне тығыз байланыстылығын, соның ішінде халыққа білім беру ісінің де зор маңызы бар екенін біздер, ұстаздар, еліміздің осы білім беру саласын жандандыру мақсатында қабылданған біршама Заңдар мен заңнамалардың, тұжырымдар мен бағдарламалардың өз кезегінде жемісті нәтижелерін беруі жолында қызмет етуді шынайы жүрекпен ұғынып, басты борышымыз деп санаймыз. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі ауқымды да маңызды реформалар, білім саласына жаңа серпін беріп, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік ашқан игілікті бастамалар болды. Жас мамандарға да жан-жақты жағдай жасалды, Тәуелсіздік игілігін сезініп, шұғылалы жылдардың шуағына бөлендік.
Мен де осыдан 11 жыл бұрын, әлеуметтік салалардың қызметкерлерін, «Дипломмен ауылға» келген жас мамандарды мемлекет тарапынан, ынталандыру және әлеуметтік қолдау мүмкіндігіне ие болған, жас маманның бірімін. Бұрынғы №1 Бақанас орта мектебіне, бүгінгі "Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орта мектепке» мамандығым бойынша география пән мұғалімі болып орналастым.
Ұстаздық еңбек жолымды тарихы сонау, 1934-1935 жылдардан бастау алатын, ауданда алғаш рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған Қабдыл Әрімовтан бастап, әр жылдары кеңестік білім жүйесін қалыптастыруда өзіндік үлес қосқан, небір парасатты, іскер басшылар - Нілдібай Құтпанбетов, Нам Трофим Иванович, Совет Оралбаев, Ыбырайым Тоқтыбаев, Советқали Қартбаев, Ким Василина Александровна, Ұлан Кәлпебаев, сондай-ақ Тәуелсіздіктің бастау алған жылдарында еңбек еткен Есімхан Әбдіраев, Әбен Асубаевтар мен одан кейінгі жылдарда Бақыт Тілеубаев, Нұрсалима Осымова, Хамит Иманбеков, Ләззат Байшікова, бүгінде Сәлімбаева Айгүл Жұмаханқызы басқарып отырған осынау ауданымыздағы іргелі қара шаңырақ мұрағатында есімдері айшықты әріппен таңбаланған ұлағатты ұстаздар, Ишан Әлібеков, Мағрипа Тоқжігітова, Ғазиза Нұрайдарова, Ләтипа Құрманқызы, Айшахан Бекбауылова, Дариға Айтмұханбетқызы,Мәриям Дәрменбаева, Жексенкүл Ахаева, Зүбайда Ибраимова, Шәйкен Күлмаханова, Гүлзипа Тұрысбекқызы, Тауарбала Рымқұлова, Рима Жұрқабаева, Айнагүл Бейсенбаева, Ғалия Садықбаева сияқты тағы басқа зиялылар легі еңбек еткен білім ордасынан бастауым – мен үшін үлкен мәртебе. Осы аттары аталған, алдыңғы толқын ұстаздардың жалғасы, бұл күнде еңбегінің құрметіне бөленген, ардагер, зейнеткер ұстаздарымыз қаншама?!
Түркі әлеміне танымал жазушы Бек Тоғысбаев, қоғам қайраткерлері Совет Оралбаев, Сайлаубек Есімбеков, Өмірзақ Сәрсеновтар, геология-минерология ғылымдарының докторы Герой Жолтаев, биология ғылымдарының докторы Марат Мамышев, математика ғылымдарының докторы Есентай Алшынбаева , белгілі нейрохирург Меймантай Көжеков, белгілі математик ғалым Қоялы Аяпбергенов, техника ғылымдарының докторы Жүсіпбек Әміров сынды таланттар қатарын толықтырған 40-тан астам ғалымдар, медицина ғылымының докторлары – Асқанбаева Гүлзина, Қожабекова Тамара, биология ғылымының докторы Әбдірасылова Гүлайым, философия ғылымының докторы Телебаев Ғазиз, техника ғылымының докторы Керімова Үкілай, заң ғылымының докторы Шеңгелбаев Бақытжан, философия ғылымдарының докторы, Еуразия университетінің проректоры Нұрманбетова Жамиля, биология ғылымының докторы Рау Александр Григорьевич, филология ғылымының докторы Сейдахметова Римма, математика ғылымының докторы Голых Леонид, медицина және философия ғылымдарының докторы Көштекова Зинаш, математика ғылымының кандидаты Жарқынбаев Сабыр, техника ғылымының кандидаты Әбдірасылова Гүлнәр, химия ғылымдарының кандидаты Әбілқайырова Дариға, биология ғылымдарының кандидаты Қасенова Әсия, математика ғылымдарының кандидаты Ормышева Мейрамкүл, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Сарыбаева Роза, ветеринария ғылымдарының кандидаты Әбдірахманова Ботакөз, биология ғылымының кандидаты Исабаев Серік , филология ғылымдарының кандидаты Бұхарбаева Құралай, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Досымбеков Тынышбай, заң ғылымдарының кандидаты Керімов Келген, тағы да өзге ел мақтандары, Омархан Өксікбаев, саясаттану ғылымының докторы, Бейбіт Исабаев сынды қоғам қайраткерлері (аттары аталмағандары қаншама? ) қанат қаққан алтын ұя мектебімізге Тәуелсіздіктің ширек ғасыр шежіресінде жерлесіміз, 28 гвардияшы – панфиловшылардың бірі, Кеңес Одағының батыры Мұсабек Сеңгірбаевтың есімі берілді. Бұл – баршамыздың, Сәлімбаева Айгүл Жұмаханқызы басқарып отырған ұжым алдындағы және кәсіби шеберлігі шыңдалған тәлімгер ұстаздарымыздың қатарына жаңа қосылған әрбір жас маманның мектеп оқушыларына білім беру, оларды тәрбиелеу және дамытудағы бәсекеге қабілеттілік пен күрделі міндеттерді шешудегі жауапкершілігімізді арттырып, ізденіс жолындағы нәтижелі белестерді бағындыруға деген сенімімізді нықтай түскен Тәуелсіздік сыйы! Педагогика саласы қызметкерлеріне жан-жақты қолдаулар көрсетіліп келеді. Ұстаздық мәртебеміз айқындалып, жалақымыз көбейіп, жас мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етілуде.
Осындай жарқын жаңалықтардың бірі - Ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңындағы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауындағы мұғалімдерге қолдау көрсету, білім беру саласы ұйымдарын әлемдік стандарт деңгейіне көтеру бағытындағы сапалы білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыру мәселелері. Осындай еліміздің көркейіп, гүлденіп - өркендеуі жолындағы Тәуелсіздік тұғырын биіктетудегі салихалы өзгерістерге тың серпін беретін, болашаққа деген сенімімізді нығайта түскен, Мемлекет басшысы жариялаған Жолдаудағы бастамаларға біздің қосар үніміз – бірауыздан қолдау көрсету, жігерлі, қарқынды еңбекпен, абыройлы қызметімізбен үлес қосу!
Сихымбаева Гүлнұр,М.Сеңгірбаев атындағы орта мектеп мұғалімі, жас өлкетанушы.