Зәуреш ДЕМЕУҚҰЛОВА, «Ауданның құрметті азаматы», «Үздік өлкетанушы».
Ұлы далаға ұлт отауын тігіп, «жерімнің шетін жау баспасын, елімнің құты қашпасын» деп, бөрілі байрақ қолға алып, ұрандап атқа қонып, еңку-еңку жер шалып толарсақтан саз кешіп, егеулі найза ұшымен, ақ білектің күшімен, шүберекке жаны түйіліп, тілерсекке қаны құйылып, ел қорғаған баһадүр ер бабаларымыздың аққан қаны, төккен терінің, құрбан жанының өтеуіндей, азаттықтың ақ таңы арайлап, шұғылалы шуағына бөленіп, ел Тәуелсіздігінің салтанат құрғанына биыл - 30 жыл.
Осынау мемлекеттік қоғамның және азаматтардың күш-жігері түгелдей Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған отыз жыл тізбегіндегі ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі - «Мәңгілік Ел» идеясын мақсат тұтқан, әлем таныған Қазақстанның нұрлы жолындағы барша қол жеткізген жетістіктеріміз, баға жетпес құндылықтарымыз, болашақтың іргесін бірге қалаудағы күллі табыстарымыз - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылығындағы сара жолының, дана ойының, бүгінгі Қазақстан Республикасының Президенті, мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарқын, жаңа жолының, ел қуатын еселеудегі Қазақстан халқының бекем бірлігі, ерен еңбегі мен мұқалмас күш-қайраты, ерік-жігерінің жемісі екені даусыз. Әр азаматтың лайықты өмір сүруіне қол жеткізудегі барша мүмкіндеріміз – түтіні бөлек болғанымен-тілегі бір, жүзі басқа болғанымен-жүрегі бір, 130-дан астам этнос пен 40 конфессия өкілдерінің ортақ шаңырағы, бейбіт Отаны, достық мекеніне айналған, қасиетті жеріміздің ұлтжанды, Отансүйгіш әрбір азаматының халық алдындағы қалтқысыз еңбегінің айғағы екені де ақиқат.
Тәуелсіздік жылнамасында осындай бағындырған белестеріміз бен алған асуларымыздың тұтас игілігін сақтай отырып, ХХІ-ғасырда мемлекетіміздің орнықты дамуы жолында Елбасымен бірге Қазақстанды өркендету идеясын ту еткен «Нұр Отан» партиясы экономика мен саясатта ауқымды реформаларды, аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларды тұрақты түрде жүзеге асырды.
Мен өзімнің 42 жылдан астам еңбек өтілімнің 25 жылы Тәуелсіздік баспалдағымен жұптас болғанын, оның ішінде зейнеткерлікке шығар алдындағы 10 жыл Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін, ізгілікті істердің бастауы болған партиямыздың қатарында қызмет атқарғанымды еңбек кітапшамның жарқын беттері, өмірімнің жұлдызды сәттері деп бағалаймын, мақтан тұтамын!
Біз - бар бақыттың бастауы, теңдесі жоқ тарих сыйы, ел тәуелсіздігінің даму, өркендеу, өрлеу кезеңдерінің құндылықтарын көзбен көріп, жүрекпен сезінген шынайы куәгерміз. Тәуелсіздігіміздің шаттығына бөлендік. Біздер – бақыттымыз, болашаққа тәуелсіздік тұғырынан нық сеніммен қанат қаққан біздің ұрпақтарымыз, балаларымыз, немерелеріміз де бақытты!
Тәуелсіздік құрдастары бүгінде 30 жасқа келді. Олар-ел сенімін арқалаған кемел келешекті нұрландыратын, айбыны асқақ, білімді де білікті жігерлі жастар, ертеңгі ел тірегі. Тәуелсіздікті баянды ететін де солар. Өйткені, олар ес білгелі, ширек ғасырдан астам еліміздің қуанышына шаттығы жалғасқан жарқын жылдарының жақсылығының шуағына бөленіп өсті. Сол жарқын жылдардың, кемелді кезеңнің, Тәуелсіздік белесіндегі ел шежіресінде еліміздің түндігі, жеріміздің кіндігі, арқаның алтын тұмары, сұлулықтың сыңары, айбыны асқақ Елордамыз бой көтергенін. «Мәңгілік Ел» идеясының асыл мұратын ту еткен, әлемдік «Астана EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өткен, рухани-мәдени мұрамыздың бесігі, еліміздің астанасы - Нұрсұлтан мемлекеттіліктің берік іргетасына, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелер талқыланатын бірегей орталығына айналғанының да куәсі болды.
Иә, бұл күнде Елордамыз, Нұрсұлтанның даму тарихы өскелең ұрпақтың бойында азаматтық мәдениетті қалыптастырып, отандық тарихқа деген мақтаныш, патриоттық сезімді оятқан «Мәңгілік Ел жүрегі» атанды десек, артық емес.
Ең бастысы-Қазақстан реформалар жүргізу жағынан көшбасшы мемлекет деп танылып, Еуразия кеңестігіндегі озық экономикаға қол жеткізді. Бүгінде Қазақстан әлемдік қоғамдастықта аузын айға білеген алпауыт мемлекеттерді мойындатты, Орталық Азияның локомотиві, саяси, экономикалық орталығы танылып, дүниежүзіне белгілі әрі құрметті мемлекет дәрежесіне көтерілді. Әрбір азаматтың жоғарғы өмір сүру деңгейі артып, қолайлы жағдайлар жасалды. Зейнетақының әділетті мөлшерін, халықтың әлеуметтік топтарына қолдау көрсетуді, жұмыссыздықтың деңгейін төмендетуді қамтамасыз ету мәселелері кезең-кезеңмен жүзеге асты.
Ел егемендігінің арқасында атажұртын аңсаған шетелдегі бауырларымызды қасиетті топырағы қазақ жерімен қауыштырған, қандастарымен табыстырған, киелі мекеніне қоныс қылған «Нұрлы көш» бағдарламасы сандаған шаңырақты қуанышқа бөледі!
Ең бастысы, Қазақстанның өрісті дамуының сенімді іргетасы-халықтың бірлігі мен қоғамдық келісімі нығайды. Біздің еліміз бейбітшілік пен тұрақтылықтың, мәдениеттер мен діндер үн қатысуының үлгісі деп танылды, ұлттық мүддеміз қорғалып, қорғаныс қабілетіміз күшейіп, ел қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Өмірдің өнерден, тарихи мұрадан, салт-дәстүр мен тілден нәр алатын аса маңызды саласы төл мәдениетіміз, руханиятымыздың өрісі кеңейіп, өркендей түсті. Заман талабына сай саз мектептері, өнер ордалары, ұлттық театр, кино, мәдениет үйлері, кітапханалар мен музей, мұражайлар, спорт кешендері бой көтерді.
Жаңа мектептер, мектепке дейінгі мекемелер мен балабақшалар ашылып, «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің таңдаулы университеттерінде, шетелде және өз елінде қазақстандық жастарымыз озық білім алуға қол жеткізді.
Жаңа типтегі денсаулық сақтау объектілері салынып, заманауи медициналық орталықтар құрылып, ел өңірлерінде ең жақсы құрал-жабдықтармен жарақталған ауруханалар мен емханалар ашылды. Нәтижесінде елімізде демографиялық ахуал жақсарып, халықтың табиғи өсімі жылдан-жылға артты.
Халықты сапалы да қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық қызметінің қолжетілімдігі мен сапасын артыру жұмыстары жүзеге асты.
Осынау алтын керуенге ұласқан тарих көшінде, Тәуелсіздік жылнамасында біздің өңірде де көз қуаныш, көңіл нұрына айналған, ел игілігі жолындағы атқарылған жарқын істер аз емес. Атап айтар болсақ, салауатты өмір салтын қалыптастыруда Тәуелсіздік жылдарының алғашқы белесінде-ақ, аудан айнасы – «Балқаш өңірі» газеті, Бақанас Саз мектебі қайта іске қосылып, аудан орталығында Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейі, Бақанас Спорт кешені ашылды. Кезең-кезеңімен ауылдық Мәдениет үйілері, кітапхана жұмыстары жанданып, Қарой, Көктал, Ақкөл, Балатопар, Топар, Желтораңғы, Ақжар, Миялы, Ақдала, Береке, Бақбақты ауылдарының мәдениет үйлеріне, Құйған, Ақкөл ауылдық ауруханаларына қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа типті ғимараттар пайдалануға беріліп, ауылдарда мешіт үйлері салынып, Бақбақты, Ақдала, Миялы сияқты т.б. ауылдарда балабақшалар іске қосылды. Сондай-ақ, аудан орталығында жуырда Балқаш аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды.
Жас мамандар мен мүдделі топтағы сандаған отбасылардың мемлекеттік маңызы бар бағдарламалар аясында жаңа тұрғын-үймен қамтамасыз етілуі, , Республикамыздағы меценаттық қозғалыстың көшбасшысы Өмірзақ Сарсеновтың демеушілігімен Тәуелсіздік жолында ерлігі өшпес рухқа айналған, «Ақкөл көтерілісі» құрбандарына арналған еңселі ескерткіштің бой көтеруі, асыл сөздің ұстасы, даналықтың нұсқасы, шешендік сөздің шебері, ақын, би, батыр Бөлтірік Әлменұлына Бақанас ауылында қойылған ескерткіш, киелі Балқаш елінің біртуар перзенті, Ұлы Отан соғысының бесінші күнінде-ақ жаудың танк коллонасына жасын боп түскен Балқаштың бас батыры, «Халық қаһарманы» Бақтыораз Бейсекбаевтың, жерлесіміз Кеңес одағының батыры, 28 Панфиловшылардың бірі Мұсабек Сеңгірбаев сынды қос батырдың аудан орталығындағы екі мектепке есімдерінің берілуі және аудан тарихында есімдері алтын әріппен айшықталған тұғырлы тұлғаларға аудан бойынша беріліп жатқан көшелер атаулары - асқар шыңға бастау болған 30 жылдың жасампаз жемісі екені ақиқат.
Сонымен қатар, бедерлі жылдар белесінде ел дамуының басты қағидаты - «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағытында ұлттық сананың кемелденуі жолында жүзеге асыруды қажет ететін бірнеше жобалар іске асты. Тарлан тарихымыздың тереңге тартқан тамырын, ұлы дала даналарының дүниетанымын, бабаларымыздың тағлымын, ұлықты еліміздің, рухты жеріміздің елдігінің үрдісін, ерлігінің үлгісін ұрпаққа танытудағы өткеннің ұлағатын бүгінгіге үйретудің, келешекке үлгі етудің бағдаршамындай, мәдени төл тумаларымыз бен рухани қазыналарымызды танытатын қаншама тарихи, деректі-танымдық туындылар жарық көрді!
«Жер жарасты көрінер-өзенімен, көлімен, ел жарасты көрінер-еңбегі жанған ерімен» дегендей, осындай ел Тәуелсіздігін нығайтып, тұғырын биіктетуде туған жерін түлетіп, кіндік қаны тамған ауылдары, атажұртының мерейін асырып, мейманасын тасытқан, бүгінгі ісі ертеңге өнеге болатын нар тұлғалы, Атымтай жомарт, мәрт жүректі Өмірзақ Сәрсенов, Балтағұл Молдақасымов, Сағындық Ахметов, Әбдіжаппар Қыстаубаев, Нарымбет Әбдібаев, Жайлау Өнербеков және марқұм Дүйсен Нұрланов сынды бауырларымызға ел ризашылығы шексіз. Халық игілігі үшін осындай ізгі бастамаларды қолдап, жалғастырып жүрген Бақыт Атайбеков, Мұратбек Бейсебеков, Жеңіс Рахымберліұлы, Мұстафа Қалиев, Таңат Айдарбеков, Қайсар Шымырбаев, Азамат Балтағұлұлындай азаматтар легіне де ел тілегі-ақ бата. Шынайы жүректен «бар бақытымыздың бастауы, тарих сыйы, тәу етер Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, бақытымыздың баянды болуы үшін, еліміздің көркейіп, гүлденуі жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген ауданымыздағы аталы елдің баталы Ерлері, жұртын бірлікке жұмылдырып, ынтымаққа ұйыстырып, ел іргесін бекем етіп, ұлы көшін басқарып отырған ел азаматтары аман болып, еңбегі жана берсін!» деп тілейді.