22-24 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Алматы облысы мен Алматы қаласының аумағында «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер фестивалі өтеді.
Жобаны «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы» жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» үйлестіруде.
Еліміздің барлық өңірінің үздік орындаушыларын жұмылдыратын «Сәлем, Елорда!» республикалық өнер фестивалі былтыр Нұр-Сұлтан қаласында бастау алып, биыл Алматы қаласы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысында өткізу жоспарланған.
Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың өнері мен мәдениеті күндері үлгісіндегі ұйымдастырылған бұл фестивальдің мақсаты - өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеу.Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ел Тәуелсіздігінің 30 және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы секілді биыл республикалық маңызы бар мерейтойлар мен жергілікті атаулы даталарды қамту.
Үш күнге созылатын фестивальдің іс-шаралары Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасқан Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталып, Ұзынағаш елді-мекені мәдениет үйінде өңірлік филармониялар мен концерт ұйымдары басшыларының кезекті көшпелі отырысымен жалғасады.
Фестиваль аясында өңірлердің мәдениет мекемелерінің мамандары үшін арнайы шеберлік сағаттары мен семинар-тренингтер, баспасөз-конференциясын, түрлі тақырыптарда кездесулер өткізу жоспарланған.
Фестиваль жоспарына сәйкес, 24 маусымда Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшыларының, өңірлік Халық шығармашылығын дамыту орталықтарының, филармониялар мен концерт ұйымдар директорларының қатысуымен Мәдениет және спорт министрлігінің мәжілісі өтеді.
Фестиваль 24 маусым сағат 17:00-де Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы ғимаратында аталған мекеменің концерт ұжымдары мен өңірлік әртістердің, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер фестивалінің концертімен қорытындыланады. Атап айтқанда, Абай атындағы мемлекеттік театрда, Ғ. Мүсірепов ат. балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік театрында, М.Әуезов ат. Қазақ Ұлттық драма театрында, ҚР Ұлттық кітапханасында өтеді. Шеберлік сағаттарын танымал режиссерлер, өнер қайраткерлері, практик мамандар өткізеді.
Фестивальдің іс-шаралар жоспары қоса ұсынылады.
Барлық сұрақ бойынша «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығының» (+77172) 705-286, 705-288, 87476107523, 87055495077, байланыс телефондарына хабарласуға болады.
Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет
орталығының баспасөз қызметі