Көшпенділер ойындарына билеттер сатыла бастады

    

Фото: gov.kz

koeshpendiler-ojyndary-750x375.jpg

    6 тамыз күні 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен барлық жарыстарына билет сату басталды. Әлемдік этноспорттың басты оқиғасына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады.

    Ойындардың ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Билеттер құны 15 000 теңгеден басталып, 50 000 теңгеге дейін жетеді.
Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Спорт жарыстарына орташа билет құны 3 600 теңгені құрайды.

    Қазақ күресі, алыш (қырғыз күресі) және көрәш (татар күресі) Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді және билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында болады.

    «Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші (түрік күресі) бойынша жарыстар өтеді. Билет құны 1 000-3 000 теңге аралығында.
Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көк бөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билеттер құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері 2 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін барады. Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ.

    Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000 теңгеден басталып, 2 000 теңгеге дейін болады.

    Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны 6 00 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін болады.

    Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді.
Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер билеттерді 50 пайыз жеңілдікпен сатып ала алады. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер үшін билеттер тегін. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады.

    Барлық жарыстарға билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.

    Айта кетерлігі, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі – Halyk Bank.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Көшпенділер ойындарына билеттер сатыла бастады
  • ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР МЕКТЕБІ
  • Алматы облысында «Қауіпсіз сауда» республикалық науқаны өтті
  • Парламент депутаттары Алматы облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті
  • ЖОЛДА АБАЙ БОЛУҒА ШАҚЫРАМЫЗ!