Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады. Өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр емес пе?
Отанға, елге деген құрмет ең алдымен Мемлекеттік рәміздерге деген әрбір азаматтың жүрек соғысынан танылуы қажет. Елдігіміздің басты құндылықтары ретінде Елтаңба, Гимн және Туымызды құрметтеу, қорғау заңмен белгіленген. Ол әркім ойына келгенді істейтін қолжаулық емес. Ол елдің, ұлттың ұғымында да берік қалыптасқан киелі ұғым. Ол бүгіннің ғана тапсырмасы емес, ата-бабамыздан жалғасқан қастерлі аманат. Отаншылдық, мемлекетшілдік, ең алдымен, тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады. Ол азаматтың бойында мемлекетіне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырады.
Мемлекетіміздің өз алдына дербес мемлекет екенін айғақтайтын, қазақ халқының дарқандығы мен кеңдігін бейнелейтін төл нышандарды құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің, жоғары азамат-тығымыздың көрінісі. Бір шаңырақ астында, ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлт пен ұлысты біріктіруде де мемлекеттік рәміздердің үлесі ерекше екені жасырын емес.
Әрбір азамат Мемлекеттік рәміздердің сипаттамасын білуі шарт. Өйткені, Ту, Елтаңба мен Гимн – ұлттық сезімнің, ар-намыстың, асқақ мұраттың киелі белгісі, бойтұмары.
Сондықтанда еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі егемен еліміз үшін ерекше жағдай.
Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиісті. Сондай - ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша деп ойлаймын.
Гүлназ БҮРКІТБАЕВА, Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі.