Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығы негізінде аудан әкімдері әр ауылдық округте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу өткізу жоспарланған.
Бұдан бұрын газет бетінде хабарлағанымыздай аудан әкімі Тоқпейісов Ғалым Қасымұлы осы аптаның дүйсенбісі күні Құйған, Жиделі және Балатопар ауылдық округтеріне арнайы барып, белгіленген кестеге сәйкес жергілікті халықпен кездесу жиындарын өткізді.
Сонымен қатар бұл кездесулерге аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытбек Рахымбаев, аудан әкімінің орынбасары Азат Құтпанбетов, аудан әкімі аппаратының басшысы Қанат Ақылбеков, сондай-ақ бірқатар мекеме-ұйымдардың басшылары сапарлас болды.
Құйған ауылында өткен кездесу барысында ауыл тұрғындары ауылдың тыныс-тіршілігі жайында әңгіме өрбітіп, денсаулық саласына қатысты және пошта қызметі жайында мәселелерді ортаға салып, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Жиделі ауылдық округінде өткен кездесуде ауыл тұрғыны тарапына мал ұрлығы, мал жайылымы және төрт түлік түрлерін емдеу жұмыстары жайында мәселелер айтылды.
Мұнан соң кездесу жиын Балатопар ауылында өз жалғасын тапты. Балатопарлықтарда ауылдың тыныс-тіршілігі мен болашағы жайында өз ойларын ортаға салып, аудан басшысымен ашық пікір алмасты. Сөз орайы келгенде ауыл тұрғыны Алпыс Оспанов мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, мал жайылымы және қысқы мал азығы жайында, тағы да басқа бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Шалғай ауылдарға атбасын бұрған аудан әкімі Ғалым Қасымұлы өзінің іссапар барысында жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелерді назарға алып, барлық айтылған ұсыныс-пікірлердің шешілу жолдары қарастырылып, олардың дер кезінде орындалуын өз бақылауына алатынын айтты.
Ауыл тұрғындары да аудан басшысының атқарып жатқан жұмыстарына оң баға беріп, арнайы келіп кездесу өткізгеніне ризашылықтарын білдірді
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ,