Каратэ спортының жаттықтырушысы, бұған дейін Балқаш ауданында ондаған жыл спорт саласы бойынша мемлекеттік қызмет атқарған Берік Ақбергенов бұл сайлаудың жөні басқа сайлаудан бөлек екенін айтады. "Бұған дейін президент сайлауы өтті. Көп өзгерістер болып жатыр. Соның бірі, міне, әкімді сайлап жатырмыз. Халықта таңдау бар, кімді сайлаймын десе де өз еркі. Бақылаушылар жұмыс істеп жатыр. Осылай біртіндеп әділдікке жетеміз деп ойлаймын. Одан кейін облыс әкімін сайлауға да қол жеткізерміз", - деді Берік Ақбергенов. Шәкірттерінің алды халықаралық турнирлерде, республика біріншіліктерінде топ жарып жүрген жаттықтырушы жаңа сайланған әкімге аудандағы спорт саласының дамуына қолдау көрсетеді деп үміт артатынын жеткізді.